Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда 1 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы бөлінген мектеп құрылысы тоқтап тұр

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2022
  • 2813

Атырауда 1 млрд 500 млн теңгеге жуық  бюджет қаржысы бөлінген мектеп құрылысы бітпей тұр. 4 жыл бұрын іргетасы қаланған білім ордасы бір жылдан соң оқушыларға есігін айқара ашу керек болған. Алайда ғимараттың қаңқасы тұрғызылғанымен, иесіз, құлыптаулы тұр. Ал әкімдіктегілер құрылысты аяқтау үшін тағы да  қаражат қажет,- дейді.  Сағызша созылған «сақалды» құрылыс туралы Базаргүл Нәдірқызы айтады.

Дамбы ауылында 300 балаға арналған білім ордасы бой көтергенде  ата-аналардың да , балалардың да қуанышында шек болмады. Алайда 4 жылдан бері бітпеген құрылыстан олар күдерін үзе бастады.  

Назира ДІЛМҰХАНОВА, ДАМБЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

3-4 жыл болып қалды ау осының салынғанына. Былтырға дейін жүрді құрылысы. Қазір тұрып қалды. Білмеймін не себептен тұрып қалғанын. Біткен жақсы. Автобуспен қатынайды балалар.

Кіші Дамбы аумағында тұратын балалар ауылдағы Аманкелді атындағы орта мектепке автобуспен қатынайды. 40 жылдың тарихы бар  оқу ғимаратының да күрделі жөндеуден өткеніне 10 жыл болған.  

Марина ТӨЛЕГЕНОВА, АМАНКЕЛДІ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
 
Мектебімізде бала саны 480 балаға арналған. Қазіргі уақытта 740тай оқушымыз бар. 2 кезеңде білім аламыз. Болашақ қажеттілік бар спорт алаңына жүргізілу керек. Басталды әкімшілік тараптан, бірақ қазіргі уақытта аяқталған жоқ. АКТ залы керек мектебімізде. Іс шараларымыз дәлізде,  сыныптарда өтеді.

Ал жаңа мектеп биыл да пайдалануға берілмейді. Әкімдіктегілердің айтуынша, мердігер мекеме қаржылық мәселелерге байланысты жұмысты тоқтатқан. Қазір сот процесі жүріп жатыр.

Нұрлыбек САҚПАРОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

19-20 жылдары мердігер мекемеге қатысты салық  төлемдері және қаржылық мәселелерге байланысты  құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Содан кейін 20-21 жылдары тергеу департаментімен тергеу шаралары жүргізіліп, бүгінгі күні сот процесі жүріп жатыр мердігер мекемеге қатысты. Құрылыстың негізгі қазіргі кезде 60-70 пайыз.

Нұрлыбек Сақпаровтың айтуынша, 1 млрд 480 млн теңгенің 1 млрд 150 млн теңгесі игеріліп кеткен. Сот процесі аяқталған соң  жоба түзетілуге жіберіліп, қазынадан тағы да қаржы сұралады. Бір қызығы мердігер компания әліне қарамай тағы 3 әлеуметтік нысанның тендерін ұтқан.  2 амбулатория мен 1 спорт залдың құрылысы да аяқталмай тұр.  

Б. Надірқызы