Русский Сайттың толық нұсқасы

Жер реформасы жөніндегі комиссияға жұмысын жеделдету керек - шаруа қожалығы басшысы

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2016
  • 3432

Бүгін жер реформасы жөніндегі комиссияның отырыс өткізе бастағанына тура екі ай. Комиссия мүшесі «Родина» агро шаруашылығының бас директоры Иван Сауэр біздің арнаға берген сұхбатында комиссияның отырыстарына соңғы уақытта көңілі толмайтынын айтты. Ал жер мәселесін қарап жатқан комиссия бүгінде сегізінші отырысын өткізуге дайындалып жатыр. Оның аралық қорытындысы туралы Айгүл Әдепбайдың материалында.

Алғашқы отырысын мамырдың 14-нен бастаған жер реформасы жөніндегі комиссия бүгінге дейін 7 отырыс өткізген. 4-еуі елордада өтсе, үшеуінде комиссия мүшелері Ақмола, Алматы және Қызылорда облыстарының халқымен кездескен. Келесі сегізінші отырыс Батыс өңірінде өтеді деп жоспарланған. Қай облысқа баратынымызды қосымша хабарлаймыз, деді комиссия өкілдері.

Ерлан Нысанбаев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі, жер реформасы жөніндегі комиссия штабының жетекшісі:

Жалпы бүгінгі күнде комиссияның жеткен жетістігі - ол осы Қазақстандықтарға жалға беру керек екені бүгін бір ауыздан халықпен де, комиссия мүшелерімен де қолданып отыр. Бүгінгі күннің жалпы халықтың да, комиссия мүшелерінің ұсыныстары жалға біздің отандастарымызға 49 жылға берілсін. Алғашқы 5 жыл, сол әр жылы мониторинг жүргізілсін.

Алайда бүгінге дейін бір адамға берілетін жердің шекті мөлшері әлі белгіленбеген. Ауыл маңындағы жайылым жерлерді жалға да, жеке меншікке де бермеу мәселесіне де әлі нүкте қойылған жоқ. Малдың жайылымына арналған жер ауыл халқының игілігінде қалуы керек,- дейді штаб жетекшісі.

Ал жердің жайын бір кісідей білетін  атақты "Родина" шаруа қожалығының басшысы, комиссия мүшесі Иван Сауэрдің өз ұсынысы бар. Ол жайылым жерлер және жеке қосалқы шаруашылықтарға қатысты заң қажет деп отыр. Яғни ауылдағы ағайынның малына есеп жүргізу керек, дейді. Бірақ салықтан біржола босату керек. Ал есеп түрлі вирустардың алдын алып, санитарлық талаптарды сақтау үшін маңызды деп отыр. Мәселелердің түп төркініне жету үшін, комиссиясының жұмысын жеделдету керек, - деп отыр Сауэр мырза. 

Иван Сауэр, комиссия мүшесі:

Өкінішке орай, біз алға қарқынды жылжып кеттік дей алмаймыз. Сондықтан менің жеке басым көңілім толмай отыр. Шынымды атсам, алғашында комиссия құрамын көргенде, оптимистік ойда болдым. Осы адамдармен тез келісімге келеміз деп ойладым. Көптеген жақсы ұсыныстар айтылды. Бірақ бір мезгілден бастап қоғам шешімін күтіп отырған маңызды сұрақтарға келгенде, біз оларды мылжың сөзге айналдырып жатқандай әсердемін. Бізге келісімге келген мәселелерді нақтылау керек. 

Жерді шетелдіктерге жалға беру, бермеу мәселес де әлі ашық күйінде. Ал шаруашылық басшысы Сауэр мырза жерді шетел азаматтарына жалға беру керек деген пікірде.

Иван Сауэр, комиссия мүшесі:

Егер шетелдік келсе, біздің жерде жұмыс істесе, оларға ешкім жақсы жерді беріп қоймады. Жақсы жерлер бос емес. Олар сол нашар жерден жақсы нәтиже көрсетсе, біз олардан үйренер едік. Бақылау болу керек. Алғашында 5 жылға, сосын қараймыз, жақсы күтсе, тағы 5 жылға, сосын тағы 5 жылға, барлығы 15 жылда нәтиже болады. Бірақ жердің күтімі, құнарлылығы қатаң бақылауда болу керек.

Комиссия мүшесі Иван Сауэр комиссия жұмысын, әрі кетсе, 1 қазанға дейін аяқтауға болатынын айтты. Ал штаб жетекшісі Ерлан Нысанбаев жыл соңына дейін уақыт бар деді. Алда қалған 11 аймақты аралау жоспары тұр. Бірақ әзірге өңірлерде өтетін кездесулер тізімі жоқ. Мұны жұмыстың көптігімен түсіндірді вице-министр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ