Президент Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Маңызды құжат әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуды және өңірдегі ең өзекті мәселелерді шешуді көздейді. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы кешенді жоспарды Мемлекет басшысына таныстырды. Құжатта инвесторлар тарту, пайдалы қазбалар өндірісін кеңейту мен жаңа кен орындарын игеру, геологиялық кластер құру және оны дамыту мәселелері қарастырылған. Бұдан бөлек, жаңадан ет өңдейтін кешен, құс фабрикасы мен жылыжайлар салу жоспарланған. Келесі жылы жалға және несиеге берілетін тұрғын үй салу, көпсалалы аурухананы жаңғырту, онкологиялық диспансер мен Жезқазған қаласында заманауи «Ана мен бала» орталығын ашу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, әрбір аудан орталығы мен ауылдарда медицина мекемелері ашылады. «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 11 орта мектеп пен 8 балабақша салу көзделген.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Үлкен міндеттердің бірі алда тұрған инвестиция тарту. Жеке және мемлекеттік инвестициялар. Өйткені үлкен-үлкен жеке кәсіпорындарын ашу жоспарда тұр. Басым бағыттың бірі ауыл шаруашылығын дамыту. Және мұнай саласында жобалар дайындап жатырмыз.
Т. Әлжанов