Русский Сайттың толық нұсқасы

«Энергетик сусын ішіп, көз жұмды», - тұрғындар

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2022
  • 4825

«Энергетикалық сусын ішкеннен болды». Алматыда көз жұмған автобус жүргізушісіне қатысты әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарап жатыр. Бұған дейін де сергіткіш сусынды көп тұтынған адам қайтыс болады деген пікірлер жиі кездесетін. Бойыңа қуат беріп, желіктіретін сусын адам өміріне шынымен қауіпті ме? Бір ұрттасаң есірткі секілді еліктіріп кететін заттың құрамында не бар? Мамандармен тілдескен Аружан Задабек тақырыпты тарқатады.

Энергетик сусындардың саудасы қызып тұр. Әсіресе күннің ыстығында тоңазытқыштағы салқын сусынды құмары қанғанша сіміретіндер көбейді. Олар оның зиян екенін білсе де, көзге ілмейді. Жақыны ажал құшқанда немесе ауыруға шалдыққаннан кейін ғана өкініп жатады. Бүгін  қаза тапқан автобус жүргізушінің бұрынғы әріптесімін деп өзін таныстырған  азамат әлеуметтік желіде хабарлама таратты.

Күніге 4 рет горилла ішетін бар ғой. Қайтыс болып жатыр бүгін. Линияда, автобуста, жүрегі тоқтап қалған ғой. Горилла деген бәлені негізі тоқтату керек екен бар ғой. Өзімізде ішеміз ғой соны, күніне біреуін ішпесек басымыз ауырады.

Әлия Шалқимова да энергетик сусынға тәуелді болғандардың бірі. Күн сайын 3 құты серкіткіш ішуді әдетке айналдырған тұрғынның ішкі құрылысы бұзылып, ұйқысыздық мазалап, бұлшық еттері ауыра бастаған.  Кейін ауруханадан бір-ақ шығыпты.

Әлия ШАЛҚИМОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Басында күніне 1 құты ішетінмін. Кейін ішкі құрылысым әбден үйреніп, қайта-қайта талап ете бастады. 2, 3 бөтелкеге дейін ішетін болдым. Салдарынан, ауруханаға түсіп, емделдім. Дәрігерлер егер бұл сусыннан бас тартпасаң, жағдайың нашарлай береді деді. Қазір тек газсыз шырындар ішемін.

Сұраныс жоғары болғандықтан, еліміздің тауар нарығын оңай әрі тез жаулап үлгерген бұл сусындар — қазір кез келген дүкен, ұсақ дүңгіршектердегі ең өтімді өнім. Кәдімгі газдалған сусындардан еш айырмасы жоқ . Шөліңді қандырып, шаршағаныңдыда басады. Бірақ, бұл уақытша құбылыс - дейді  мамандар.

Ольга ШАПОВАЛОВА, ДИЕТОЛОГ, НУТРИЦИОЛОГ:

Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Олардың құрамында 10-15 шақты қоспа болады. Олар – глюкоза, матеин, мелатонин, кофеин, женьшень. 10-15 минутта сергіп, күшіңіз артады. Алайда, қоспалар асқазан, өт жолдарына зиян. Бір ішкеннен әсері болмаса да, уақыт өте келе ағзаңыз сыр бере бастайтын болады.

Бойыңа қосымша қуат беретін сусынға құмартқандардың қатары күн санап артып келеді. Оған әсіресе, желік қуған жастар жақын.

БЛИЦ:

- Анда-санда ішетін едім. Сол ішкен кезде тамаққа аппетит жоқ, тамақ іше алмай қалатын едім.

- Ішемін, иә. Бір рет можно.

-  Қанша адамдар одан өліп те кетіп жатыр. Әсіресе, таксистер.


Әлеуметтік желіде қуаттандырғыш сусыннан зардап шеккен тағы бір жігіттің оқиғасы тарады. Күні бойы компьютердің алдында жұмыс істейтін азамат күн сайын 5-6 құты сергіткіш ішетін көрінеді. Тіпті, түскі астың орнын да осы сусын басқан. Салдарынан, жүрегі екі рет тоқтап, дем алуы қиындап, ауруға айналған. Жазбаны жігіттің әбден қиналып, азаптанғанын көрген ауруханадағы көршісі жариялады. Бұл - энергетик  сусынның зиянын дәлелтейтін тағы бір мысал.  

А. Задабек