Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордалық Жарасовтар отбасының балалары ала жаздай бақша егеді

  • AstanaTV
  • 18 тамыз 2022
  • 3064

Еңбектің наны тәтті. Қызылордалық Серік Жарасов балаларын жастайынан еңбекке баулып келеді. Оларды кішкентайынан соңына ертіп, бақша егудің қыр-сырын үйреткен. Ата кәсіпті балалар да тез меңгеріп алған. Қыстық азықтың барлығын өздері егіп, күзде жинап алады. Еңбек сүйгіш балалардың бақшасын аймақтағы тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы көріп келді.

Қызылордалық Жарасовтар отбасында 7 бала бар. Олардың барлығы кішкентайынан еңбектің наны тәтті екенін ұғынып өсіп келеді. Отағасы Серік  ізінен ерген 5 ұлын 6 жасынан бастап бақша егуге баулиды.Қазір олардың үлкені медициналық колледжді бітірген. Ал  кенжесі- 10 жаста.  Барлығы түздегі шаруаны шыр айналдырады.  

Серік ЖАРАСОВ, ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жалғыздың үні шықпайды дейді ғой қазақта. Осы балаларымның арқасы. Қазір, Құдайға шүкір, өзімді үйрететін болды. Осы балаларыма әкеден көрген тәрбиемен бір жағынан еңбекке баулып, машықтырып, болашық мүмкін араларында агроном болуы мүмкін.

Серіктің әкесі дихан болған.  Ал өзі тұрақты жұмысы болса да, ата кәсіпті үзбей келеді.  Балаларын да сол ізбен алып жүр.  Биыл олар 80 сотық жерге бақша дақылын егіпті.  Онда қияр мен қызынақтан бөлек, картоп, сәбіз, қызылша тіпті күнбағысқа  дейін бар.  

Асылжан ДӘУРЕНБЕКОВ, СЕРІКТІҢ ҰЛЫ:

Әкемнің арқасында бақшаны қалай егетінін әдістерін үйрендім. Ағаларыммен келіп бақша отап, суарып. Қазір көп балалар телефонға үңіліп, ешқайда шықпай үйлерінде отырады. Біз болсақ, жаз бойы бақша егіп, таза ауада уақыт өткізіп, үйдегілерге бос уақытымызда көмектесіп, күзде жинап, әр жыл сайын бақшаны айналдырып егіп жүреміз.
 
Берекелі отбасы төрт түлік ұстайды.  Оларды да балалар жайғайды. Шөп орып, малдың қыстық азығын  да дайындайтын солар.

Нұрым ДӘУРЕНБЕКОВ, СЕРІКТІҢ ҰЛЫ:

Әкеміздің қолғанатымыз. 5- 6 жасымыздан бастап осы әкеміздің қасында жүріп, істеген тірліктерін істеп үйрендік. Өзіміз қолдап пішен орамыз осы сиырларға, жылқыларға. Жем, су бәрін өзіміз дайындап береміз.

«Жер ана алдамайды, еңбек етсең береді» дейді Серік. Балалар да еңбекте береке барын жадыларына жақсылап түйген.

М. Тоқтасынқызы