Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада алғашқы ядролық медицина орталығы бой көтерді

  • AstanaTV
  • 22 тамыз 2022
  • 1928

Өмір сүруге тағы бір үміт. Елордада алғашқы ядролық медицина орталығы ашылмақ. Орталықтың бірегейлігі - елімізде бұрын болмаған радиофармацевтикалық препараттарды өндіріп, онкологиялық ауруларға диагностикалық зерттеулер жүргізеді. Толығырақ орталықты өз көзімен көріп келген әріптесім Ақбота Базарбай жалғастырады.

Ядролық медицина орталығы екі бөліктен тұрады. Бірі циклонды-өндірістік кешен болса, екіншісі диагностикалық блог. Циклонды кешен 3 радиоактивті изотоптың негізінде 9 радиофармпрепарат өндіруге мүмкіндік береді. Бұл препараттардың 8-і бұрын Қазақстанда өндірілмеген. Олар обыр ауруларын, сондай-ақ кардиологиялық және неврологиялық ауруларды ерте кезеңде айырып тануға септеспек.

Айдар ӘБІЛДА, ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕТРОЛОГЫ:

Ядролық медицина орталығында өндірілетін радиофармпрепараттарды синтездеу және олардың сапасын бақылау үшін біздің орталықта жетекші әлемдік өндірушілердің ең заманауи жабдықтары қолданылады. Және бұл орталықта стандарттарға сәйкес орындалған. Бұл бізге шығарылатын өнімнің жоғарғы сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал диагностикалық блокта аппараттың екі түрі бар. Соның бірі позитрондық-эмиссиялық компьютерлік томография - әлемдегі ең жаңа модель және ТМД-да бір ғана данасы бар, абсолютті инновациялық цифрлық детекциялау жүйесіне, яғни ісіктің қалай, қай жерде өсіп келе жатқанын визуалды түрде айқын көрсетеді. Және жоғары сканерлеу жылдамдығына ие.

Ағзам ӘКІМБЕКОВ, ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ РАДИОИЗОТОПТЫ ДИАГНОСТИКА ДӘРІГЕРІ:

Ядролық медицина орталығының ашылуы онкологиялық пациенттердің зерттеулерге кезегін азайтуға және ТМКК шеңберінде зерттеулердің санын жылына мысалы 3000-7000-ға арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы қазір пациенттер жазылғанда 2-3 ай күтеді өзінің кезегін. Біздің ескі аппарат мысалы күніне 20 пациент өткізсе, осы жаңа аппаратпен біз күніне 40-60-тан астам пациент қабылдай аламыз.

Орталықтың өндірістік алаңы дәрілік препараттарды өндіруге қойылатын халықаралық стандарт бойынша сертификаталады. Медицинаның айрықша мүмкіндігінің арқасында қуықастыбез обыры, нейроэндокриндік өспелер, ми ісіктері, остеобластикалық сүйек метостаздары сияқты онкологиялық ауруларға дер кезінде, тіпті ерте диагноз қоюға, ем-шараларды дерт дендемей тұрып қолға алуға мүмкіндік береді. Орталық науқастарды қыркүйектен бастап қабылдайды. Бұл жерге онкологияға шалдыққан, бірақ нақты диагнозын дұрыс анықтай алмай жүрген кез-келген азамат келіп қарала алады.

А. Базарбай