Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда былтыр ғана пайдаланылуға берілген баспаналардың іргетасы опырылып жатыр

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2022
  • 1914

Павлодарда былтыр ғана пайдаланылуға берілген баспаналардың іргетасы опырылып жатыр. Бұған кәріз жүйесіндегі ақау себеп болған. Бұдан қауіптенген тұрғындар баспанамыз құлап қала ма - деп қорқып отыр. Ал қос пәтерлі 22 үйдің құрылысына қазынадан 400 млн.-ға жуық қаражат жұмсалған. Алайда, үйдің сапасы тұрғындардың көңілінен шықпайды. Мәселенің мәнісін тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Сырты бүтін, іші түтін. Кенжекөлдегі бұл үйлерді солай атауға болатын сияқты. Өйткені, кәріз суы құбырға емес, үйдің астына құйылып жатыр. Салдарынан баспананың іргетасы опырылып кеткен.

Әлия Шахмарданова – көпбалалы ана. Бұл үйді мемлекеттік бағдарлама бойынша алған. Алайда, сапасына көңілі толмай отыр.

Әлия ШАХМАРДАНОВА, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ванныйдағы судың бәрі полдың астына кетіп жатыр. Үйдің асты суға толып тұр қазіргі уақытта. Үйдің астына су барғаннан кейін құлап кетуіне қорқамыз. Мен өзім балаларым үшін өте қобалжимын. Өмірім үшінде қорқамын.

Тұрғындардың айтуынша, үй өте сапасыз салынған. Бөлме аралық қабырғасы гипсакартоннан тұрғызылыпты. Есік, терезесінде де олқылықтар көп болғанын айтады. Бастысы тұрғындар қыста үйді жылыта алмай қаламыз ба -деп қауіптеніп отыр.

Алмагүл БАЛҒЫНБАЕВА, КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Суды қосқанда түгелдерінде симфония кетті. Түгел үйлерде су ақты Печканы жаға алмадым. жақсам кипить етеді су бұрқырайды. Біз мұнда куфайканы киіп, тазикті ұстап тұрдық. разеткада не замкнула.

Бибігүл ДАЙЫРОВА - КЕНЖЕКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз бұл үйге көшіп келгенде өте жайсыз болды. Жылу жүйесі дұрыс тартылмаған. Іші кептірілмеген. Дымқыл болды. Амалсыздан осында тұру үшін несие алып, 3 млн. теңгеге жөндеу жасадық. Еденін, есік терезесін жылылап, кәріз жүйесін ретке келтірдік. Әкімдікке айтқанмен, ешбір нәтиже болмады.

Баспана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген. Құрылысына жалпы соммасы 400 млн. жуық қаражат жұмсалыныпты.Үй көпбалалы отбасылар мен оңтүстіктен қоныс аударушылар берілген.

Асқар АЖМҰРА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Су құбырының тесігі бар. Содан су ағып жатыр. Оны біз қазір ашып, жердің астын ашып, құбырлардың көріп, зерттеп, егерде анадай нелер болатын болса, оның бәрін қалпына келтіріп, оның бәрін жасап береміз.

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы сапасыз үйді қалай қабылдап алғанын айтпады. Тек бір аптаның ішінде баспананы қалпына келтіріп береміз – деп уәдені үйіп төкті. Уәде қаншалықты орындалады оны уақыт көрсетеді. Біз бұл мәселеге тағы бір оралатын боламыз.

Ө. Қуанар