Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда биыл есірткі зертханасы екі есе көбейген

  • AstanaTV
  • 24 тамыз 2022
  • 1894

Қазақстанда биыл есірткі зертханасы екі есе көбейген. Құқық қорғау орындары елдің түкпір-түкпірінде қылмыс орындарын жапқанмен жаңадан ашылатындарын тоқтат алар емес. Соңғы үш жылда 41 зертхана жойылса, оның 23- і биыл анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында мәлімдеді. Әлемді алаңдатқан синтетикалық есірткі жастардың есін кетіре бастаған.

Валерий есірткі саудасына араласам деп опық жеген. Жағдайы бар отбасынан шыққан, екі қарындасы бар. 17 жасында Құрылыс колледжінде оқып жүріп марихуананың дәмін татқан ол небәрі екі жылда нашақор ғана емес қылмыскер болып шыға келді. Полицейлер оны көлікпен Алматыдан Қарағандыға 2 қап есірткі алып келе жатқан жерінде ұстаған.

Валерий:

Телеграммнан көп жалақыға тасымалдаушы керек деген хабаландыруды көзім шалды. Оларға өзімді камераға түсіріп жібердім, сөйтіп мені Алматыға жіберді. 45 мың теңгеге көлік жалдап есірткіні әкеле жатқанда полиция тоқтатып тексерді, қылмысымды мойындауға тура келді.3 жылға сотталдым.

Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы Қазақстанда өршіп тұр. Қолжетімді, арзан есірткі героин, апиын, кокаин секілді дәстүрлі наркотиктерді ығыстырған. Тәркіленген «синтетика» көлемі соңғы үш- ақ жылда 6 –дан 140 келіге артқан, яғни 23 еседен асып түскен. Жылында ондаған млн доллардың заты жойылады.

Бақытжан ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Өкінішке қарай ғаламтор қолжетімді. Әр оқушы, студенттің сайттардан ақпаратты тез қарау мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері ондай 1600- ден астам сайтты жаптық, өкінішке орай олар саңырауқұлақ сияқты қаптай береді. Әрі олардың Қазақстаннан тыс жерде болуы да проблема туғызады.

Елде ресми дерекке сүйенсек есірткіге тәуелділердің ең жасы- 13 те. Бірақ мектеп оқушылары ата- аналары есепке алынбайды. Жастар арасында синтетика экзотикаға айналған. Өткен жылдың соңында мұндай заттар есірткінің ауыр түріне теңестірілді. Бұрын 50 граммнан артық сақтамағандар жауапқа тартылмайтын болса енді 1 граммын сақтаудың өзі қылмыс. Алайда нашақорларға оны түсіндіре алмайсыз, - дейді мамандар. Сондықтан психологтар әр ата- ана отбасындағы тәрбиені күшейтсе деп кеңес береді.

Татьяна САВИЦКАЯ, ҚОҒАМДЫҚ ҚОРДЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Нашақорларды емдеуде Медицина орталықтары 4 пайыз, психолог психотерапевтер 30 пайыз, ал рухани орталықтар 86 пайыз жетістікке жетеді екен. Яғни тәрбие маңызды. Менде бір жас отбасы емделді, ата- анасы барлық жағдайын жасаған соң жұмыс жоқ, еріккеннен осындай жолға түскен. Айтуларынша бүкіл бір подьезд тұрғындары есірткі тұтынады, сатады, алады. Сондықтан ортаға мән беру керек.

Мамандар «дәріханалық нашақорлықтың да» өршігенін айтып дабыл қағуда. Ішкі істер министрі денсаулық сақтау министріне қауіпті препарттар айналымына бақылауды күшейтуді ұсынды. Оларды заңсыз сатқан фармацевтер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс деп отыр.

А. Қуаш