Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында шенеуніктер бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2022
  • 1714

Қарағанды облысында шенеуніктердің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Осакаровка ауданы Молодежный кентінің әкімдік қызметкерлері жолдарды жөндеуге бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Нақты қанша адамның айыпталып жатқаны белгісіз. Ол туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері нақтыламады.

Малика КҮСЕНБАЕВА, «САРЫАРҚА- АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

Әлеуметтік желіні бақылау Молодежный кентінің тұрғындары жергілікті жолды тексеру туралы өтініш жасаған. Тексеруге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қосылды және де бірқатар қылмыстық іс қозғалды.

Әкімдіктің лауазымды тұлғалары "қызмет бабын пайдалана отырып сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан- таражға салу" бабымен айыпталған. Кінәлары дәлелденсе мүліктері тәркіленіп, 4 жылға дейін сотталуы мүмкін. Молодежный кентінің тұрғындары «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы бойынша өткен жылы қазанда жөнделген жолдар арада 7 ай өткен соң ойылып кеткенін айтып шағымданған. Тіпті шұңқырлар екі рет жөнделген. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша 13 шақырым жолды жөндеуге бюджеттен 500 млн теңгедей қаржы бөлінген. Тексеру басталған соң мердігер кей учаскелерді қайта жөндеп жатыр. Жаңа асфальттің тез бұзылуына осы жолдармен жүретін жүк көліктері кінәлі дейді. Ал оларды неге ескермегендерін өздері де түсінбейтінін айтты.

Светлана ИОНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ОСАКАРОВКА АУДАНЫ МОЛОДЕЖНЫЙ КЕНТІ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Ақша бөлініп жобалық сметалық құжаттама дайындаған кезде барлық көшеге бірдей бір стандартпен жасалған. Ауыр жүк көлігі ескерілмеген. Оның үстіне осы маңда мектептің жанында қардан қорғайтын қоршау тұрғызылған. Онда қар көп жиналады да көктемде еріп жолдың шетін шайып кетеді.

А. Қуаш