Русский Сайттың толық нұсқасы

Экс-министр 7 миллиард теңге жымқырған болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2022
  • 1992

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 7 миллиард теңге шамасында жымқырған болуы мүмкін. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі мәлімдеді. Ұлттық музейдің экс-директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен басқа да тұлғаларға қатысты тергеу жалғасуда. Олар бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланды деген күдікке іліккен. Антикор мәліметінше, тергеу "Алтын адамның" әлем мұражайлары бойынша шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ "Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу" және "Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру" жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша жүргізіліп жатыр. Мұхамедиұлы министр болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне "Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі", "Қазақ энциклопедиясы" және "Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтын" заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатыр. Айта кетейік, оны қамауда ұстау мерзімі 26 қыркүйекке дейін созылған болатын.

Т. Әлжанов