Елімізде тұңғыш рет ат марафон-бәйгесі өтеді. Әр өңірден жиналған 20 команда атпен 1200 шақырым жерді 12 күннің ішінде жүріп өтуі керек. «Ұлы Дала Жорығы» – еліміздің 6 аймағын қамтитын тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны. Шабандоздар 18-қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан аттанып, Жошы хан, Алаша хан кесенелері секілді 28 елді-мекенді басып, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласына 29-қыркүйекте ат басын тіреуі тиіс. Дүбірлі дода отандық туризм мен ұлттық спорт саласын дамытуға тың серпін береді – дейді жоба авторы.
Бақытжан ТҰРЛЫБЕКОВ, «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» АТ МАРАФОН-БӘЙГЕСІНІҢ АВТОРЫ:
Әлемде бұндай ат жарыстар болмаған, жоқ бұған дейін. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде болмаған. Біз сияқты қазір тау-таспен, өзен-көлмен, құммен, сахарамызбен, өзіміздің бетпақ даламен, желмен, алдымызда неше түрлі тастақтармен ондаймен жүрмеген олар.
Жорыққа 100 шабандоз аттанады. Әр команданың құрамында 5 адам болады. Соңғы межеге төрт көзі түгел жеткен топ «Ұлы дала сарбазы» атағына ие болып, 30 миллион теңгені қанжығаға байлайды. 2-орын 20 миллион теңге алса, 3-орын 15 миллион теңгемен мараппатталады. Жарыс барысында қатысушылар жатын орын мен азық-түлікпен, қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Дәурен АБАЕВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
Бұл аламан жәй ғана ат жарыс емес. Қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, Қазақстанның бай табиғатынмен, тарихын зерделейтін жаңа туристік маршруттарды қалыптастыратын тың жоба болмақ.
А. Задабек