Мүгедектікті анықтау бойынша 35 мыңға жуық өтініш сырттай қаралды. Бұл - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі. Бүгінде аталған пилоттық жобаға 579 медициналық ұйым қосылған. Биыл жоба бойынша сырттай қызмет көрсетуді 20 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Бірақ бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 22 процентті құраған. Мүгедектік тобын анықтау бойынша қызмет алу үшін өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, қажетті тексеруден өтуі қажет. Қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Ербол ОСПАНОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Барлық өңірлерде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жоба пилоттық режимді іске асырылуда. Жалпы, сырттай куәландыруға көшудің тьиімділігі, ол әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды, үйден шықпай-ақ қызметтер алуға мүмкіндік береді, көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады.
“Amanat” партиясының мүшелері ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасау, оларды қағазбастылықтан арылту - басты назарда,- дейді.
Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Біз халық үшін барлық мәселелерді бірігіп шешуге тырысуымыз керек. Себебі, онсыз да жүріп-тұруы қиын жандар үшін қолайлы жағдай жасау – бізге міндет. Бұл ғана емес, басқа да мәселелерді бірігіп жұмыс істеу арқылы шешімін табамыз деген ойдамын.
А. Задабек