Алматы облысы Қонаев қаласында республикалық «IQ DODA» зияткерлік ойыны өтті. Сайыстың жеңімпаздары 500 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды. Шараға жергілікті әкімдік пен «Рухани жаңғыру» орталығы ұйытқы болды.
«IQ DODA» республикалық зияткерлік ойыны осымен үшінші жыл өткізіліп отыр. Елдің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар өзара бақ сынасты. Сайысқа қатысушылардың жасы 18-ден жоғары болуы шарт. Ойын барысында оларға халқымыздың тарихы, мәдениеті мен руханиятына қатысты түрлі сұрақтар қойылды. «Мақсатымыз - ой ұшқырлығы мен білім-ғылымға деген танымдық қызығушылықты дамыту»,- дейді шараның басы-қасында жүргендер.
Ерасыл ТОЛЫМБЕКҰЛЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕКЕМЕ БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда ойынға 20 командадан астам өтінімдер келіп түскен. Көптеген өңірлерден командалар қатысып жатыр. Бұл ойынның авторы – біздің орталық. Бұның кәдімгідей авторлық құқықтары бар. Көбінесе жастардың инетллектуалды қабілетін көтеру мақсатында ұйымдастырғанбыз.
Ойынның нәтижелеріне сай, Жетісу облысынан келген қатысушылар жеңімпаз атанды. Олар жарты миллион теңге көлемінде сыйақы алды. «Жұрттың баласы» тобының мүшелері түрлі салада қызмет ететін белсенді жастар. «Мұндай шараларға әрдайым қатысуға тырысамыз», - дейді олар.
Мақпал ИСАЕВА, ЖЕҢІМПАЗ КОМАНДАНЫҢ МҮШЕСІ:
Осындай интеллектуалдық ойынды біз командамызбен бұрыннан ойнап жүрміз. Санасақ 3 жыл болды ойнағанымызға. Неше түрлі приз ұттық. Бірақ осындай сумманы бірінші рет ұтып тұрмыз. Өте қуаныштымыз. Ойын керемет! Организаторларға көп-көп рақмет!
Сондай-ақ жүлделі орын иегерлері мен басқа да қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. «IQ DODA» республикалық зияткерлік ойынын алдағы уақытта да жаңа форматта ұйымдастыру жоспарланып отыр.
М. Жақан