Түркі әлемі үшін құнды олжа. Моңғолияда екінші Түрік қағандығының негізін қалаған Құтлық қағанның кешені мен жазу табылды. Сүйінші хабарды бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жеткізді. Қазба жұмыстарын қазақ-монғол археологтары Монғолияның Архангай аймағындағы Номғон жазығында жүргізген. Кешеннен жылдар бойы зерттелетін дүние табылды. Мысалы, табыну орнындағы жазба ескерткішінің сынығынан зерттеушілер “Тәңір”, “түрк”, “Құтлық”, “түмен” секілді сөздерді анықтаған. Ондағы мәліметтерге сүйене отырып, ғалымдар Номғон кешені Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған деген тұжырым жасап отыр. Ал, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші саналады.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің өркениет тарихымызды, жазу тарихымызды тереңдетіп отыр. Бұны біздің тасқа қашалып жазылған алғашқы паспортымызды таптық деуге болады. Себебі түрік аты жазылған, тәңірдің ұлы Құтлұқ қаған түрік деп жазылған. Ол біздің ортақ паспортымыз.
Г. Сейтенова