Русский Сайттың толық нұсқасы

Қасым-Жомарт Тоқаев күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2022
  • 1651

Күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл ұсынысты бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты. Президент әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет деді. Өзі мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятындығын мәлімдеді. "Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын" - деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады. Бір жағынан 7 жыл кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді.

Мандат мерзімінің ұзаруы межеленген бағдарламалардың нәтижесін көру үшін қажет. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев стратегиялық шешімдер ел мүддесі үшін қабылданып жатқанын айтты.  

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мен «Аманат» партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынына сенімдімін. Өзім партия бюросының мүшесімін. Президент көптеген реформаларды жүргізуде. Ел мүддесі жолында стратегиялық шешімдер де қабылдануда. Парламентке де бірқатар заңнамалық міндеттер жүктелді. Сенат белгіленген басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жүргізуге дайын.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Президенттің екі сайлауы емес бір рет түсіп, 7 жыл мерзімге түсіп алып, өзінің жасаған бағдарламасын, тұжырымдамаларын орындауға, Президентке мүмкіндік. Біздің жаңа жасап жатқан құрылымдарымыз бар, жаңа саясатымыз бар, солардың басын жасағаннан кейін оны жаңа алып өту үшін Президентке біз мүмкіндік беруіміз керек.

Жолдауда Президент Мәжіліс пен бүкіл деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынды. Болашақта Үкіметтің құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауыстарын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін екендігін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік бермек.

Т. Әлжанов