Русский Сайттың толық нұсқасы

Жалақы өсіп, әйелдердің зейнет жасы төмендейді - ПРЕЗИДЕНТ

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2022
  • 1619

Жалақы өсіп, әйелдердің зейнет жасы төмендейді. Жолдау әлеуметтік қолдауға толы болды. Келесі жылдан бастап, бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі, сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылмақ. Дейтұрғанмен, Президент әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жаппай қосылған бұқараның медициналық көмекті толық көлемде ала алмай отырғанын сынға алды. Сондықтан ерікті медициналық  сақтандыру жүйесіне көшетін уақыт келгенін мәлемдеді. Мамандар бүгінгі жолдау әлеуметтік саланы бір ізге салатынынан үмітті.  

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – тегін медициналық көмектің кепілі емес. Дәрігерге жазылып, апталап, тіпті айлап кезек күтіп ақыры шаршап, ақылы қызметке  жүгінетін осылай дейді.

Сәуле ӘБДУҒАЛИЕВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бірден кіре алмаймыз дәрігерге, апталап жүреміз, айлап  жүреміз. Жіберген УЗИ аппаратқа түсу үшін, жазылып, 1 айлап күтесің. Ал сен не болатынын блмейсің ғой, 1 айдың ішінде не  болатынын, ал мүмкін өліп кетеді ол кісі. Халық  ақылы  емделуге барады.

Мемлекет басшысы бұқараның көңіл күйін дөп басты. Жүйенің тиімсіздігін сынға алып, нақты тапсырма берді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн.

Жалпы республика бойынша 650 елді-мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл мәселе шешімін таппақ. Президент көпті алаңдатқан жалақы мен зейнетақы мәселесін де қозғады. Енді ең төменгі жалақы 70 мың теңге болады. Бұл 2 миллиоға жуықтайтын азаматтың табысына тікелей әсер етпек. Әйелдердің зейнетақы жасына қатысты мәселеге де нүкте қойды.  
 
Дана НҰРЖІГІТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Президенттің әйелдердің зейнетке шығу жасын 61 жасқа дейін  төмендетеміз бірте -бірте деп айтты. Біз 58 деп сұрап едік, дегенмен мұның өзінде аз да болса жетістік деп ойлаймын.  Сондықтан мен әйелдерге сүйіншілетіп осы жаңалықты  жеткізуге қуаныштымын.


Галина ШАРАТОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің жолым болып, 58 жасымда зейнетке шығып кеттім. Ал 63 деген әйел адам үшін өте көп. Бұл жаста адамда неше түрлі ауру  шығады. Отбасы, балаларына көңіл бөлетін кезі. Сондықтан мейлі әзірге 61 жасқа тоқтатуы Президенттің әйел адамдарды қолдағаны деп білемін.

Әлеуметтік саладағы тағы бір жаңалық – «Отбасы» цифрлық картасы жүйесі. Мемлеккеттік қызметтерді топтастырған бұл жоба халықты әрлі-берлі сабылтпай, бір терезеден қызмет алуына жағдай жасайды. Аймақтарда бұл жұмыс басталып кеткен.

Азамат МӘМБЕТОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Атырау облысында да 10 отбасына пилоттық жоба енгізілді. Яғни бұл адам үйден шықпай-ақ әлеуметтік көмек болсын, денсаулық сақтау, яғни барлық саладағы көмекті үйден шықпай-ақ осы цифрлық картасы аясында ала алады.Түрғынға хабарлама келеді ұялы телефонына, осы жерде отырып, үйден шықпай жатып ала алады. 12 әлеуметтік көмек.


Бәрін айт та, бірін айт, жылдар бойы атыраулықтардың басты мәселесіне айналған «Атырау-Астрахань» жолы құрылысы. Президент жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет деп нықтады.  Құрылысқа кедергі себептердің бірі битум  тапшылығына тоқталды.  Ірі көлемде мұнай өңдіретін ел үшін ұят жағдай деп ескертіп,  Үкіметке түбегейлі шешуді жүктеді.

Б. Надірқызы