Русский Сайттың толық нұсқасы

Қаңтар оқиғасына қатысқандардың кейбіріне рақымшылық жасалады

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2022
  • 1872

Қаңтар оқиғасына қатысқандардың қылмысы бір жолға кешіріледі. Президент кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отырған бірқатар жанға рақымшылық жариялайтынын айтты. Ал, судьялардың мәртебесі теңестірілетін болды. Сот төрағасы лауазымы енді келмеске кетеді, олардың бәрі бірдей судья болмақ. Заң және тәртіп туралы мемлекет басшысы жолдауда тағы не айтты? Алдағы материалда.

Ел ішінде сот құрылымы өзгергелі жатыр. Сот төрелігі әділ атқарылуы үшін қазылар қауымын тез арада қайта іріктеп, жаңарту қажет деді Президент бүгінгі жолдауында. Судьялар өзінен жоғары тұрған әріптесіне тәуелді болмауы үшін олардың арасындағы мәртебе жойылады. Қай сатыдағы судья болмасын, бірдей, тең болады. Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері сотқа ықпал етпеуге тиіс. Президент судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек деді. Бірақ, судьялар да төрелік ету кезінде заң үстемдігін ұмытпауы керек.

Берік БЕКЖАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

"Мысалға сот жюри жұмысын қайта қарау мәселесін Президент  ұсыныс ретінде көтеріп отыр. Себебі, өрескел заң бұзушылыққа жол берген судьялардың да шын мәнінде олардың жауапкершілігі заң деңгейінде қаралуы дұрыс".

Президент синтетикалық есірткі тұтынатын жастардың көбейгенін  біліп отыр. Ол кейінгі үш жылда айналымнан алынған «синтетика» көлемі 10 есе өскеніне алаңдаулы. Препаратты әлеуметтік желі арқылы тез таратып, керек болса, үйге жеткізіп беретіндер, жасөспірімдерді жегідей жеп жатыр.  

ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Ғаламтордағы ашық ақпаратқа сүйенсек, биыл ел аумағында 23 есірткі зертханасы жойылған. Есірткі сатушылар мен сақтаушылардан 4 жарым мың тонна түрлі есірткі заты тәркіленген. Соның 87 келісі - синтетикалық есірткі. Синтетикалық есірткіге қатысты 890 қылмыс тіркелген.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл аса қауіпті әлеуметтік аурудың ауқымын ескере отырып, синтетикалық есірткіні өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипат алуы керек. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет.

Қоғамды ішінен ірітіп жатқан тағы бір дерт бар. Ол отбасылық зорлық-зомбылық. Президент бұған көз жұма қарауға болмайды деді.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет.

Заңгер Серік Беркамалов тұрмыстық жанжалдың көбейгеніне халықтың экономикалық жағдайы ғана емес, тұрмыстық қарым-қатынасты реттейтін заңның солқылдақтығы себеп дейді. Ешқандай жауапқа тартылмайтынын біліп, жанжал шығарушылар ауыр қылмысқа,  кісі өлтіруге дейін барады.

Серік БЕРКАМАЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ЗАҢГЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ФИЛИАЛ ТӨРАҒАСЫ:

Соған қатысты біз Президент жолдауында айтылған сөзімен біз толықтай келісеміз. Қалыптасқан жағдайға байланысты атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 108,109-баптарындағы нормаларды қоғамдық жұмыстар түрінде негізгі жауапкершілік түрін белгілей отырып, қалпына келтіруді мақсат етеміз.

Қаңтар оқиғасына қатысқандардың жазасы жеңілдетілмек. Президент бүгін арандатушылардың айтағына еріп кеткен, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтар амнистияға ілігетінін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен Қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым.

Бірақ, тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысқан басты айыпталушыларға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасады және билікті күшпен өзгертуге әрекет етті деп айыпталғандарға рақымшылық жасалмайды. Президенттің бұл ұсынысын халық қолдап отыр.

БЛИЦ:

-  Көбінесе білмегендіктен қатысқандар болған шығар деп ойлаймын, заңды білмейді, бара салған, жастар көбінесе кеткендер. Сондықтан, әр істі сөйтіп қарастырып, амнистия болса, әрине соған келісемін.

- Көшеде кетіп бара жатса да оны, мысалы, алып кеткендер де бар. Олардың кінәсі жоқ деп ойлаймын.


Г. Сейтенова