Русский Сайттың толық нұсқасы

Жолдауға қатысты шетелдік БАҚ пен сарапшылар пікір білдірді

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2022
  • 1658

Президенттің өкілеттік мерзімін шектеу елдегі әлеуметтік реформалардың маңызды белгісі болып табылады. Financial Times басылымы Президент Жолдауына арнап көлемді мақала жариялады.

Америка Құрама Штаттары Қазақстан Президентінің Жолдауына алғашқылардың бірі болып пікір білдірді. Дипломат Джуди Куо, ең алдымен, адам құқықтарының сақталуын және бизнесті қолдауға ерекше тоқталған. «Стратегиялық серіктес ел үшін бұл тармақтар өте маңызды. Алдағы президенттік сайлау қаңтар оқиғаларынан кейін де қызығушылық тудырады. Олар саяси және әлеуметтік күйзелістерден өткен ел үшін оң мәнге ие болады», - дейді Куо.

Джуди КУО, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҚШ ЕЛШІСІНІҢ м. а.:

Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін мұқият тыңдап, оның батыл реформалары мен бастамаларын қолдаймыз. Президенттік сайлау өтетіні біз үшін өте қызықты болды.


Томас СУОЗИ, АҚШ КОНГРЕССМЕНІ:

Жазда енгізілген конституциялық түзетулер мен қазір айтылған реформалар бізді таң қалдырады.

Біздің елдегі Бразилия елшісі Рубем Корреа Барбоза да таңғалғанын жасырмады. Дипломат алдағы реформалар елімізді жаңа деңгейге көтеруі тиіс екенін атап өтті.

Рубем Корреа БАРБОЗА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БРАЗИЛИЯ ЕЛШІСІ:

Мен сайлау өткізу сияқты үлкен мәлімдеме күткен жоқпын. Бұл өте батыл шешім. Менің ойымша, біз оның қандай нәтиже беретінін көреміз. Әрине, барлық реформаларды жүзеге асыру үшін уақыт қажет. Бірақ Қазақстан Президенті болашаққа назар аударуға белгі берді.

Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Президентінің Жолдауын назардан тыс қалтырмады. Financial Times газеті Мемлекет басшысының өкілеттік мерзімін шектеу елдегі әлеуметтік реформалардың маңызды белгісі деп жазды.

Ливия ПАГГИ, J. S. HELD САЯСИ ТӘУЕКЕЛДЕР БӨЛІМІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформа жүргізуге ниеті бар, бұл оның брендінің бір бөлігі болды. Президенттік билікті бір мерзімге шектей отырып, ол сайлау өзінің билігін нығайтып қана қоймай, қоғамды біріктіруге қызмет ететінін анық көрсетеді.


Ресейлік "Коммерсантъ" басылымы бұған дейін Қазақстан Президенті жариялаған саяси реформалар мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты өзгертпейді деп жазады.

Дмитрий ПЕСКОВ, РФ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Біздің екіжақты байланысымыз, одақтастығымыз бен әріптестігіміздің маңызын бағалау қиын. Біз барлық бағыттар бойынша серіктестік одан әрі дамиды деп үміттенеміз және әрине, біз Қазақстанның гүлденген және өзіне сенімді, аяғында нық тұрған, тұрақты ел, тұрақты мемлекет болғанын қалаймыз.

Reuters агенттігі "қоғамдық қолдауды күшейтетін қадамдар ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең төменгі жалақыны 17% -ке көтеру және Балаларға Ұлттық қордан ақша төлеу жоспарлары туралы» жариялаған.

Т. Әлжанов