"Бақытты отбасын баспаналы қыламыз". “Асыл адам” қоры күні бүгінге дейін 35 отбасына қуаныш сыйлапты. Қор өткен жылы Аршалы ауданынан жер алып, үй тұрғызған. Екі отбасы қоныс тойын тойлап үлгерген. Биыл тағы бір бақытты отбасына баспана кілтін табыстады.
Елорда маңындағы Аршалы елді мекенінен қазіргі таңда 4 үй бой көтерген. Алғашқысын 8 баланы тәрбиелеп отырған Ибадилдиновтар отбасы иеленіпті. Осы күнге дейін баспанаға зар болдық дейді олар.
Риза ИБАДИЛДИНОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Пәтер жалдап 7 жыл тұрған екенбіз. Үйсіз. Сол бір күндердің күнінде Алланың қалауымен болар. Эмоцияны айтып жеткізу мүмкін емес. Үйге келгендегі, соншама халықтың бізді күтіп алғандығы, бір кәдімгі үйлену тойымыз болып жатқан сияқты керемет сезімде болдық. Ең бастысы балаларымыз қатты қуанды.
6 бала дүниеге әкелген Лаура Тасқожаева да қордың арқасында баспаналы болған. Кейін араға бір жыл салып дәл сондай су жаңа үйге 9 бала өсіріп отырған Тілеуовтар отбасы ие болды.
Лаура ТАСҚОЖАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Үйді толық жиһазымен бірге берді. 10 сотық жерімен. Үй жылы, қыста жылы. Тап-таза үй барлығы жаңадан берілген.
Көпбалалы отбасыларға баспана сыйлаған қордың жетекшісі мұндай игі іс жасау - бала күнгі арманым еді дейді.
Көңілбай ШҮКЕНОВ, КӘСІПКЕР, "АСЫЛ АДАМ" ҚОРЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
"Асыл адам" қорының "Бақытты отбасы" жобасы іске қосылғалы 35-тен аса отбасы осындай үйлермен қамтамасыз етілді. Біз енді өзіміздің қолдан келгенше жұмысты жасап жатырмыз. Алдағы уақытта бақытты отбасының саны көп болса деген ойдамыз. Дәп артымыздағы үйге Қазақстанның түкпір-түкпірінен жақсы отбасыларды іздеп жатырмыз.
Берілген баспаналар зәулім. Ауданы мансардымен қосқанда 190 шаршы метрге тең. Үйдің іші толық еуро үлгідегі жөндеуден өткізіп, жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған. Одан бөлек, ыдыс-аяқ, төсек жабдықтарымен бірге табысталған.
А. Базарбай