Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада оқушылар сабаққа кешігіп жүр

  • AstanaTV
  • 08 қыркүйек 2022
  • 1408

Қызылордада жаңадан бой көтерген «Бәйтерек» мөлтек ауданының балалары сабаққа кешігіп жүр. Ал бастауыш сынып оқитындарды ата-аналар мектепке жібермей отыр. Өйткені қоғамдық көлікке оқушылар сыймай қалып қалатын көрінеді.  

Тұрғындар таңғы сағат 7-де келетін қоғамдық көлікке мініп кетуге тырысады, сол үшін бірін бірі итеріп жанжуға бар. Ішінде ине шаншар орын жоқ. Себебі бұдан кейін мұнда автобус 2 сағаттан соң келеді. Ал сыймай қалғандар бірнеше шақырым жаяу жүріп, діттеген жеріне әзер жетеді.

Лаура ТҰРҒАНБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Уақытылы маршрут керек. Уақытылы болғанда да арасы 20 минуттан болса, ана Бәйтеректен толы келеді. Мына жақтан сыймай қаламыз. Такси де 1000-1500 теңгеге де келмейді.

Қала іргесіндегі бұл мөлтек ауданнан жер бұқараға 2016 жылдан бастап берілді. Қазір мұнда 5 мыңнан аса тұрғын бар. Дені көпбалалы отбасылар. 2 жыл бұрын 600 орындық мектептің іргетасы қаланған еді. Алайда сұйырқұйымшақтанып кеткен құрылыстың, бітетін түрі жоқ. Сондықтан балалар жақын мектептерге бөлініп оқиды. Ал кейбірі қала орталығына қатынауға мәжбүр.
 
Мұхтар ӨТЕГЕНОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

Часпикте ғой енді, былайынша сияды бәрі. Час пиктің кезінде сыймай қалады  сәл-сәл. Шамалы ұзындау автобус болса час пикке.

Бәйтеректіктердің базынасын тындап, мәселені көтерген соң жергілікті атқамінерлер тарапынан сең қозғалды.

Дархан БАҚТИЯРОВ, ҚЫЗЫЛОРДА қ. ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бастапқыда болды ондай мәселе. Қазіргі таңда шешімін тапты қосымша маршруттар қостық. Яғни үлкен сыйымдылықтағы маршруттарды. Қазір қатынап тұр. Күнделікті азанда арнайы мамандарымыз барып, өздері қашан жүргенше, тұрғындар мініп, бәрін толықтырып жүргізіп барып жұмыс орнына келеді.   

Алайда, тұрғындар онымен түйткілдің түйіні тарқаған жоқ дейді.

Ораскүл НҰРСЕЙІТОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

25 маршрутты екеуін жіберген, системалары дұрыс жүргізбей жатыр ғой. Балалар сыймай жатыр ғой, обал ғой тіптен. 3 күн болды ғой сабаққа, бүгін мен қыздарымды жіберген жоқпын. Онсыз да бала жоғалу деген көп болып жатыр. Сұмдық қой мынау деген.

Бүгінде бұл мәселе Бәйтеректің ғана емес қала тұрғындарының да бас ауруына айналған. Әсіресе, жаңа оқу жылы басталғалы халық қоғамдық көлікке сыймай сабылуда. Ол аздай қас қарайса, мүлде жүрмей қалады деп ашулы. "Саланы бір жүйеге келтіре алмады" деп жергілік билікті сын тезіне алуда.

М. Тоқтасынқызы