Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында салынғанына 11 жыл болған мектеп апатты деп танылған

  • AstanaTV
  • 08 қыркүйек 2022
  • 2032

Түркістан облысында бір мектептің оқушылары бір апта бойы мектепке жете алмаған. Төлеби ауданындағы Қос төбе ауылының шәкірттерін көрші ауылға тасымалдайтын автобус жоқ. Сол себепті онлайн оқытуға көшірілген. Алайда елді-мекенде интернет байланысының тым нашарлығынан сабақ оқып жарытқан бала жоқ , - дейді арнамызға арызданған қостөбеліктер. Білімге жауаптылар автобусты неге ерте қамдамады? Ауылдағы мәселені әріптесім Айзада Төребекқызы сұрап білді.

Едені отырып, қабырғалары ырсиған бұл ғимарат Қостөбе ауылының орта мектебі. Пайдалануға берілгеніне 11 жыл ғана болған білім ұясы осы маусымда апатты деп танылыпты. Бала оқытуға қауіпті болған соң, оқушыларды онлайн оқуға көшірген. Алайда оның да мәселесі шаш етектен, - дейді ауыл ақсақалдары.
 
Уәли ЖҰМАБЕКОВ, ҚОСТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйде отырып ұстамайды интернетіміз. Ал бір антенді әкеп қойған, ол кейде ұстайды, кейде істемейді. Әркімнің үйінде вай-файы ұстайтын ондай дәрежеге жеткен жоқ. Балаларыңыз оқып жатқан жоқ па? –Балаларымыз оқып жатқан жоқ.   
 
Сатқынбай ПИАЛИЕВ, ҚОСТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Онлайнмен оқытып жарытып жатқан жоқ бұл жерде балалар, әңгіменің ашығы. Интернет істемейді. Ол 200 метрден төңірегіне ғана істейді, әрі қарай жоқ бұда. Құр әшейін көзбояушылық боп кеткен бұның бәрі.
 
Мектеп жасындағы 130 баланы енді көрші Қаратөбе ауылға тасымалдамақшы. Ала жаздай бұл мәселе неге шешілмегенін білім ошағының директорынан сұрадық.
 
Данияр АЙТБАЕВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

28- тамыз күні менің отпускам бітті. 28-тамыз күні. Сол 28-тамыздан бері мен осы жердемін. Одан бері қарай 30-31-і демалыс күндеріне түскендіктен 31-нен бастап жасалынып жатқан әрекетіміз осы. –оған дейін сіз бейқам демалдыңыз?- бейқам демалып жүрген жоқпын. Оған дейін сол отпусканың тұсында мынау келіп кетіп жатқан технадзор бар ғой, сол технадзорларды күтіп алдым.
 
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы автобустың кешіктірілуін былай түсіндірді.    
 
Ардақ САДЫҚОВА, ТӨЛЕБИ АУДАНДЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:


1-інен тиісті автобус облыстан келмей қалды. Лизингпен келетін екі автобусты біз арнайы осы мектепке деп жазып қойғанбыз. Сол келген негізі екі автобус келді облысқа. Бірақ құжаттары рәсімделген жоқ. Сондықтан сол құжаттарын рәсімдегенше біз қазір басқа жақтан автобус сұратып, ақшасын төлетіп, балаларды тасымалдатып жатырмыз.   

 
Бөлінген автобус біреу ғана. Сондықтан кемі 4 мәрте оқушыларды мектепке апаруға тура келеді. Алайда оған көңілі түсіп жатқан бала жоқ. Оқу жылы басталғалы үйден шықпаған жеткіншектер ең бастысы партаға отыратындарын айтып қуанысып жатты.
 
Нұрқанат МЕЙМАШ, ОҚУШЫ:

Біз жақта интернет ұстамайды. Сентябрден бастап сабақ оқыған жоқпыз. Көрші ауылға Қаратөбеге бара жатырмыз автобуспен.
 
Ауыл азаматтарының тасымалдауға да көңілі толмайды. Олар апатты делінген мектептің бір бөлігін кәдеге жарата тұруды сұранып отыр. Тым болмаса ауылдағы клубты бастауыштың балғындарына ыңлайластырып беруді сұрайды. Алайда білім бөліміндегілер бұл ұсыныстарын мақұлдай қоймады.
 
А. Төребекқызы