Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық тұрғындар үй ауласына жекеменшік емхана салуға қарсы

  • AstanaTV
  • 12 қыркүйек 2022
  • 1300

Қарағандыда тұрғындар үй ауласына жекеменшік емхана салуға қарсы. Олардың  айтуынша,  жеке кәсіпкер үш тұрғын үйге ортақ аула мен балалар алаңын 4 қабатты ғимарат үшін пайдаланбақшы. Заңсыз құрылысқа наразылық білдірген тұрғындар талай табалдырықты тоздырса да, мәселе шешілмей тұрғанын  айтады.

Бұл  көпқабатты үш үйдің тұрғындары 15 жылдан бері бар- жоғы 500 шаршы метр жер үшін қалталы кәсіпкермен дауласып келеді. Жұрттың айтуынша, бизнесмен бұл аумаққа   жекеменшік емхана салмақшы. Бір жағы аула, бір жағы тас жол  тап- тар аумаққа үлкен ғимаратты қалай сыйғызады,- дейді.

Анатолий КРИВОРОТЬКО, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тап- тар жерге бақандай 4 қабатты емхана салмақшы.  Үйлеріміздің коммуникациясы құриды. Бұл үйлер 62- інші жылдары салынған, ескі. Ермеков көшесінің 35/3 үйі жерге шөгіп барады. Тура жанынан қазғылап, бұрғылауды, құрылысты көтермейді.  

Елена ИЗОТОВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жерді құзыретті мемлекеттік органдар қалай сатқан? Қалай емхана салуға рұқсат алды? Жолдың шеті, Міне балалар алаңы, кіріс шығысы қайда? Бізге үйден шығып оңға, солға ғана бұрылатын жер қалдырмақшы.Бізді де, балаларымызды да ең бер жағы қозғалыстан шектеп отыр.  

Қала әкімдігінің ақпаратына сүйенсек,  кәсіпкер бұл жерді 2005 жылы сатып алған. Жер асты көлік тұрағын, кейін емхана салуды жоспарлаған. Енді халық наразылығына құлақ асып, бизнесменге басқа жер іздемек көрінеді.  

Қуат БЕКТЕМІСОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біз жергілікті қауымның пікірін тыңдадық. Әрине кәсіпкер жерге аз ақша салған жоқ. Дегенмен енді оған өз ісімен тыныш айналысатын басқа жер іздейміз, заң аясында бұл жерді алып орнына басқа аумақ береміз.

Қала әкімдігі дауға айналған жерді алған соң оны не істейтіні белгісіз. Арам шөп басқан балалар алаңы абаттандырылуы да мүмкін екенін айтады.  

А. Қуаш