Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада жедел жәрдем станциясына 55 жаңа көлік табысталды

  • AstanaTV
  • 12 қыркүйек 2022
  • 1623

Елордада жедел жәрдем станциясына 55 жаңа көлік табысталды. Олардың басым бөлігі – реаномобильдер. Яғни, автопаркке қосылған жаңа тұлпарлар заманауи құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Осылай деген қала әкімі Алтай Көлгінов кілт тапсыру шарасына арнайы келіп,  қызметкерлердің өтінішін тыңдап, жұмысына сәттілік тіледі.

Өкпені жасанды желдету аппараты, электрлі сорғыштар мен дефибриллятор-мониторлар. Бұл құралдардың барлығы жаңадан табысталған көліктің ішінен табылады.  Осыған дейін де дәл осындай 100-ден аса автокөлік тапсырылған еді. Автокөлік санының өсуі – медициналық қызмет сапасының артуына да септігін тигізеді – дейді қызметкерлер.

Гүлнар ТҰЯҚОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. «ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгін біз үшін үлкен мереке. Себебі, жедел жәрдем станциясына жаңа көліктер беріліп жатыр. Енді біз сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, жедел түрде діттеген жерге жете аламыз.  

Сондай-ақ соңғы үш жыл ішінде медициналық мекемелер 3 мыңға жуық жабдықпен толық қамтамасыз етілді. 40 «үй жанындағы дәрігер» нысаны ашылып, бірқатар медициналық мекемеге жөндеу жүргізілді.

Бота СӘДЕТХАН, НҰР-СҰЛТАН қ. «ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

2019-2021 жылдары үкіметтің, денсаулық сақтау басқармасының, денсаулық сақтау министрлігінің көмегімен бізге 160 санитарлық автокөлік беріліп отыр. Ол үшін біз осыған ықпал еткен құзырлы органдарға алғысымызды білдіреміз.

Мемлекет басшысы өз жолдауында медицина саласын дамыту, жедел медициналық көмек қызметін жаңғырту – біздің басты мақсатымыз – деді. Қала әкімі Алтай Көлгінов медицина қызметкерлерінің жалақысы өсетінін, олардың жоғары білім алуы үшін жыл сайын гранттар бөлінетінін  айтты.

А. Задабек