Русский Сайттың толық нұсқасы

Отандық қант өндіретін 3 зауыттың екеуі күрделі жөндеуге жабылды

  • AstanaTV
  • 19 шілде 2016
  • 3483

Қант өндіретін отандық 3 зауыттың екеуі күрделі жөндеуге жабылды. Салдарынан елде қант тапшылығы сезіліп, шекердің бағасы бір келісіне 400-500 теңгеге бір-ақ шарықтаған. Бұл туралы бүгін қантты өңірлерге тасымалдаумен айналысатын көтерме жеткізушілер мәлімдеді. Олар  шекердің 18 тоннасы үшін қаражатты мамыр айында төлеп қойған. Олар бір күнде бір вагон қантты қабылдауы тиіс болатын. Алайда 1 вагон қант екі аптада зорға жеткен. Тағы бір айта кететіні, елдегі қант тапшылығына қарамастан, шекер шетелге экспортталып жатыр. Тәжікстан, Ресей елдерінде қанттың бір келісінің құны 325 теңге тұрады. Бұл отандық нарықтағы бағадан 100 теңгеге қымбат. Сондықтан ел зауыттары қанттың басым бөлігін шетел асырып жатса керек. 

Қайрат Оразбаев, ШҚО табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті департаментінің басшысы:

Қантты экспортқа жіберудің өзіндік себебі бар. Өйткені Тәжікстан, Ресей елдерінде қант құны бізге қарағанда қымбатырақ. Сондықтан осы елдерге жөнелтілді.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің мәлімдеуінше, қазір биліктің араласуымен қант төңірегіндегі түйін шешіле бастады. Шығыс  Қазақстан облысына шекер тиелген 4 вагон жеткізіліп, кейінгісі кесте бойынша уақытында жөнелтілетін болады. Сондай-ақ құзырлы мекеме алдағы уақытта қант тапшылығы болмайтынына сендірді. Бұған дейін құбылған қант бағамын келісіне бұрынғы 270 теңге бағасымен қайта сату жоспарда бар. Ал, орта жолдан нәпақа табуды ойлап, бағаны мың құбылтқан делдалдар жауапқа тартылмақ.  

Ал қант тапшылығы қатты сезілген аймақтардың бірі - Ақтөбеге бүгінде 5 вагон қант жеткізілді. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ақпарына сай, қанттың артық қоры 330 тоннаны құрап отыр. Ал шекердің нарықтағы бағамы әзірге өзгерген жоқ. Кейбір жерлерде келісі 325 теңгеге дейін сатылып жатыр.

Руслан Әжниязов, Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі: 

22 шілдеде 68 тонна қант жеткізіледі. Сондай-ақ шекер тасымалдайтын ірі  «Ас-Ан», «Риол» фирмалары бар.  Аталған фирмалар да 25 шілдеде қант әкелетін болады.