Астаналық «Номад» хоккей клубының ойыншылары жаппай вирустық инфекцияға шалдықты. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады. Спортшылар Алматыдағы қонақүйлердің бірінде орналасқан. Бұған дейін олар Өзбекстанның Ташкент қаласында ойнаған болатын. Команда дәрігерінің айтуынша, хоккейшілер ауа температурасының күрт өзгеруіне байланысты өздерін нашар сезініп, денсаулықтары сыр берген. Ресми дерек бойынша, «Номад» хоккей клубының 19 ойыншысы вирустық инфекция жұқтырған.
Олег ИШМАКОВ, КОМАНДА ДӘРІГЕРІ:
Спортшылардың бәрі аман. Дегенмен, көбінің халі нашар. Орташа дәрежеде десек болады. Ойыншылар жаттығып терлейді, содан кейін бірден суық бөлмеге кіреді. Осының бәрі әсер еткен болуы керек. Кезекті жаттығудан кейін бірнеше адам бірден өздерін нашар сезіне бастады. Қазір қажетті ем алып жатыр.
Осыған байланысты Алматы қаласында өтеді деп жоспарланған «Алматы» және «Номад» командалары арасындағы ойындар тоқтатылды. Матчтардың қашан жалғасатыны белгісіз. Қазақстан хоккей федерациясы әзірге ресми ақпарат берген жоқ.
М. Жақан