Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда жаңа тұрғын үйге жылу жүйелері жүргізілмеген

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2022
  • 1305

Қызылжарда жаңа тұрғын үйдің иелері де биыл жылусыз қаламыз деп дабыл қағуда. Айтуларынша, баспананы бақандай екі жыл салған құрылысшы әлі күнге дейін оған жылу жүйелерін жүргізбеген. Кейбір тұрғындар амалдың жоқтығынан жартылай коммуникациясы жоқ үйде тұруға мәжбүр.  Ал өңірде 4 күннен кейін жылыту маусымы басталады.

Наргиз Жоламанова екі бөлмелі пәтерді 2020 жылы ипотекаға рәсімдеген. Айтуынша, құрылыс компаниясы тұрғын үйді бір жылдың ішінде салып бітіремін деп сендірген. Алайда, уәдесі сөз күйінде қалыпты. Тұрғындар көптен күткен баспананың кілтін жуырда ғана алған.  
 
Наргиз ЖОЛАМАНОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз мамыр айында пәтер кілтін алған кезде құрылыс компаниясы жуық арада жылу құбырларын жүргіземіз деп уәде берген. Сондықтан   тұрғындар  өз үйлерінде ішкі жөндеу жұмыстарын қолға алды. Мен осы күнге дейін жөндеу жұмыстары мен жиһазға 5 миллион теңге жұмсадым. Қазір қыс түскен соң, мына дүниенің барлығы жарамсыз болып қалады. Бұл шығынды маған кім қайтарады?  
 
Бес қабатты тұрғын үйде 15 пәтер бар. Тұрғындардың 80 пайызы пәтерлерін жөндеп, қоныс тойын тойлауға дайын отыр.  Бірақ, үйде жылудан басқа да кем-кетік әлі көп.   
 
Серік ЖАНПЕЙІСОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жылы су жоқ, отопление. Енді сыртқы терезелерді қазір басқа бір компания істеп жатыр. Кеше ғана мына шебенканы төкті. Мусор алынғаннан кейін қалғанын төгем дейді. ал асфальт туралы ешқандай движение жоқ.
 
Ал құрылыс компаниясының өкілі жылуды жуық арада қосамын дейді. Айтуынша, Севказэнерго компаниясы аталған құрылысшылардың техникалық жобасын қабылдамай қойған.
 
Әміржан ШӘКЕЙ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Документтеріміз әлі дайын емес. сол құжаттарды дұрыстап жатырмыз қазіргі уақытта. Бар құжаттарға замечание берді "Тепловые сети". Ертең проект корректировкадан шығады. Сосын осмечивание болады. Содан кейін ертең согласованияға жібереміз.
 
Қызылжарда жылыту маусымы жиырмасыншы қыркүйекте   басталады.  Алайда, бұл үйдің жылуға бірден қосылуы екі талай. Егер жылу қысқа дейін берілмесе, тұрғындар құрылыс компаниясымен соттаспақшы.

А. Құрманкин