Астанаға аламанда бас болған, тай жарыста қарасын көрсетпеген, құнандай ешкімді елемеген сәйгүліктер жиналды. Республикалық "Ұлы дала жорығы" ат марафон-бәйгесі басталды. Тұңғыш рет өткізіліп жатқан бәйгеде әр өңірден келген 100 жүйрік бақ сынайды. Олар атпен 1200 шақырым жерді 12 күннің ішінде жүріп өтуі шарт.
«Ұлы дала жорығы» - елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды жоба. Оған елдің ең мықтылары жиналды. «Ұлттық спортымыз салтанат құратын той осы!» десті олар. Шараға арнайы келген «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, жиналғандарға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың лебізін жеткізді.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрімізді дәріптеуге арналған алама жарыс елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Адамзат тарихында жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені белгілі. Бұл әлемдік өркениетке теңдесі жоқ бетбұрыс әкелген жаңалық саналады. Біздің бабаларымыз ұлы дала шежіресін тұлпардың тұяғымен жазған. Бүгінгі ұрпақ сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымыздың жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты осы! ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
"Ұлы дала жорығы" деп аталуы да тегін емес. Себебі, еңіске салса, төске озатын кіл жүйріктер 12 күндік жорыққа аттанды. Бұл сапарда салт аттылар Арқадан Түркістанға дейінгі жолды жүріп өтеді. Бір кездері бір жұма ішінде жүріп өткен хан Кененің бағытымен қасиетті мекенге бет түзейтіндер 6 бірдей облыстың аумағын басып өтуі тиіс.
Өскен ТОҚТАРҰЛЫ, ШАБАНДОЗ:
Бүгінгі сәтті күтіп жүрміз. Шынын айтсақ, ұйықтағанда жоқпыз. Неге десеңіз, энергиямыздың барлығын осыған жұмсағымыз келіп, Құдай қаласа. Осы жарысты күтіп, бүгінгі таңға әзер жеттік. 12 күн, 12 түн жүру керк болса да дайынбыз!
Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын 100 қатысушы бұл жолы өз аймағы мен ауылындағы ат спорты мен атбегілік өнердің қаншалықты дамығанын көрсетеді. Әр команда да 5 шабандоз бар. Жалпы дода барысында бір рет ат ауыстыруға мүмкіндік берілген. Оларға төрешілер төрелік етеді. Осындай ұлттық дәстүрді дәріптейтін ауқымды аламаннан күтеріміз көп - дейді қайраткерлер.
Светқали НҰРЖАН, АҚЫН:
1200 шақырым деген қазақтың тұлпарлары үшін түкте емес. Осы дала кешегі бабаларымыз, анау Керей-Жәнібектен, оның арғы жағындағы бабаларымыздан, бергі жағында қасқа жолды Қасым хан, кешегі ескі жолды, еңсегей бойлы Есімдердің заманында, ең соңғы мынау каһарман Кенесарының заманындағы тұлпарлар бұдан да шапшаң уақытты бағындырған.
Жиналған 100 тұлпар ә дегеннен ытқып алға ұмтылды. «Ат қалай, бап қалай» деген жұрт сәйгүлікке қамшы басқан сайын, тақымын қысып, аман-сау жетулерін тіледі.
Бәйгенің жүлде қоры 65 миллион теңге. 1-орын алған топ «Ұлы дала сарбазы» атағына ие болып, 30 миллион теңгені қанжығаға байлайды. 2-орын 20 миллион теңге алса, 3-орын 15 миллион теңге иеленеді. Бәріне де кімнің жеңімпаз атанып, қай сайгүліктің бабы келісіп, бағы жанары қызық.
А. Задабек