Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда теракт құрбандарын соңғы сапарға шығарып салды

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2016
  • 3555

Қылмыскердің қолынан қаза тапқан сақшылар бүгін ақтық сапарға аттанды. Ел қауіпсіздігі жолында оққа ұшқан жандардың арттарында аңырап туғандары қалды. Оларға құрмет көрсеткен алматылықтар да бүгін қоштасуға келді.

Бүгінгі таңды алматылықтар аза тұтумен бастады. Әкімдік алдында мемлекеттік ту төмен түсіріліп, әрбір мекеме жұмысқа кіріспес бұрын қаза тапқан жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ел тыныштығы жолында бақилық болған сақшыларды ақтық сапарға шығарып салуға келгендерде есеп болмады. Спорт сарайының алдына жиналған 2 мыңға жуық адам көздеріне жас алды.

Қаланың қақ ортасында ойран салған қаскөйді отставкадағы полиция подполковнигі Ғани Нұриманов ақылға шақырмақ болған. 1 ай бұрын зейнеткерлікке шыққан ол сол күні бұрынғы жұмысына барса керек. Бірақ қылмыскер ешкімді аямады. Подполковниктің артында жары мен екі баласы қалды. 

Еркебай Мәнтаев, Ғ.Нұримановтың туысы:

Әпкемнің бір тал ұлы жас кезінен өте дарынды. Зейнет жасына шықса да, Ішкі  істер органдарындағы еткен еңбегі одан қалған емес. Халқының амандығы үшін қаза тапты.

Сол күнгі сұмдыққа нүкте қойған полиция старшинасы 42 жастағы Аян Ғалиев еді. Қызметі мемлекеттік органды күзету екендігіне қарамастан, халыққа төнген қауіпті бақылап отыра алмады. Қасындағы әріптесіне оқиғаны хабарлауды бұйырып, өзі содырмен бетпе-бет арпалысады.

Нұрсұлтан Қарықбаев, полицияның кіші сержанты:

Аян аға қылмыскермен атысып, қылмыскерді жарақаттап, өзі құлады.  Қастарына жетіп барып, құлатып қолын қайырып, кісендеп тастадым. Аян аға менің өмірімді аман алып қалды. Тек менің ғана емес, Қазақстан азаматтарының сол жердегі аман алып қалды. Ерлігін ешқашан ұмытпаймын.

Саян Ғалиев, Аян Ғалиевтің ағасы:

80 жастағы анамды кенжесімін деп, қазақтың салтымен өзім қараймын деп, жарын сүйетін ер азамат, барсам, баланың асты-үстіне түсіп отыратын бауырым еді.

Қаралы жиынға қатысқан қала әкімі олардың ерлікпен қаза тапқанын айтты.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Ұлт батыры заманда тәртіпке бағынған ел құл болмайды деген еді, ақтық сапарға аттанып бара жатқан азаматтар, яғни, бабамыз айтқандай, құл болмау, керісінше, ел болу жолында мерт болды. Осында тұрған әрбіріміздің бейбіт ғұмырымыз үшін өздерінің өмірлерін қиып, жандарын пида етті. Бұл оқиға, Ішкі істер органы қызметкерлерінің әр күні, әр сағаты болжаусыз екенін, сондықтан да ерлікке пара-пар болатынын тағы бір дәлелдеді.

Алматы облысының жұртшылығы да бүгін қаскөйдің қолынан қаза тапқан полиция сержанты Мақсат Сәлімбаевпен қоштасты. Қызметте жүрген ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің жанында қаза тапты. Бүгін жергілікті билік оның артында қалған қызы мен аяғы ауыр жесіріне «Асыл арман» шағын ауданындағы пәтер кілтін берді. 

Қызғалдақ Түймебаева, Мақсат Сәлімбаевтың анасы:

Келінім тауып бер дейді баламды. Қайдан тауып беремін? Ауыр енді Отан алдындағы борышын өтеді деп ойлаймын. Ешкімнің басына қайғы бермесін. 

Сондай-ақ ауыр жарақаттан аруханада ес жимастан кеткен полиция лейтенанты Тимур Бегасыловтың отбасына да үй берілді. Ал аға инспектор 28 жастағы Бауыржан Нұрмаханбетов туыстарының өтінішімен туған жері Жамбыл облысы Өтеген батыр ауылында жерленді. Шекарашы Азамат Әзімжановтің денесі Панфилов ауданында жер қойнына тапсырылды. Қыршыннан кеткен боздақтармен қалың қауым қимай қоштасты. Бұл ел есінде қалары хақ.

Ойран болған күні ел жоқтап қана қоймай, табиғат та күңіренген еді. 

Айгүл ЕРМАХАН