2019 жыл ел тарихынан ойып тұрып орын алады. Екінші президент сайланды, мемлекет жаңа саяси кезеңге аяқ басты. Биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті болып сайланғанына тура 3 жыл толды. Содан бері елде не өзгерді? Мемлекет басшысы қандай реформалар жасады? Тілшіміз Аружан Серік жауап іздеді.
Ұлт сенімін арқалап, ел билігін қолға алған Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Мемлекет басшысы қызметіне келгеніне биыл үш жыл. Халыққа жолдаған ең алғашқы Жолдауында қоғаммен ашық байланыс орнату, халықтың сұранысына дер кезінде үн қату, әлеуметтің әл-ауқатын арттыру, сот-құқық саласын жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат ұстану секілді бағыттарға басымдық берді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.
Ол ол ма, әсіресе, несиесін төлей алмай жүрген әл-ауқаты төмен және көпбалалы отбасылардың қарызын кешіру туралы Президенттің Жарлығы жұртшылықты жадыратқан бастама болды. Елдің дамуына пандемия да кедергі болмады. Ел амандығын ойлаған Мемлекет басшысы дер кезінде төтенше жағдай жариялап, қатаң шараларды қолға алды, арнайы комиссия құрды. Мақсат – ел экономикасын көтеру болды.
Әзімбай ҒАЛИ, САЯСАТТАНУШЫ:
Тоқаев реформаларының жетістігі Қазақстанда ұлттық саяси реформа жасады. Бұл Қазақстанды еуропалық мемлекеттердің қатарына қоятын реформалалар нәтижесін берді. Сондықтан әкімшілік жүйенің құзіретінің төмендеуіне, Парламенттің және мәслихаттың Президент айтқан құзіретінің көтерілуіне, жеке адамға дербестік, құқық, еркіндік бергені. Тоқаев соны сезіп, жүзеге асырды. Қазақстанның экономикалық қарқынының жақсаруы – сол реформалардың әсері.
Халықтың оң бағасын алған тағы бір шешім – жаңадан 3 облыстың құрылуы болды. «Оларды Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар» екенін Президенттің өзі айтты. Аталмыш реформа медициналық көмектің жылдам жетуіне, автожолдардың дұрысталуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болды.
Серік ҚАЛҚАМАНОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Қазақстан халқы өте жақсы қарқынмен өсіп келеді. Тиісінше, жаңа аймақтардың ашылуы және қалыптасуы қажеттілік іспеттес. Бұл, ең алдымен, экономикалық-әлеуметтік өсудің белгілі бір нүктесі болады.
Биылғы жыл Президенттің жаңа әрі жан-жақты реформалары мен нақты өзгерістер жылына айналмақ. Президентті сайлау мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының пайда болуы, 100 мың жасты жұмыспен қамту, жалақының өсіп, әйелдердің зейнет жасының төмендеуі – биылғы Жолдаудың ауқымды реформалары болып отыр.
Екатерина СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Менің ойымша, бүгінгі күні біз алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз. Президенттің бастамасын халық өте жақсы қабылдады, өйткені бұл әрбір қазақстандыққа қатысты мәселе. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде де қыруар істер атқарылды.
Үш жылда атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Біз кейбіріне ғана тоқталдық. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тыңбай атқарып жатқан енбегі халықтың көз алдында.
А. Серік, Ә. Лесбек