Русский Сайттың толық нұсқасы

Жол салуға биыл 400 млрд теңге бөлінген

  • AstanaTV
  • 21 қыркүйек 2022
  • 1229

Жол салуға биыл 400 млрд теңге бөлінген. Оның бүгінде 65 пайызы игеріліпті. Мұны жауаптылар айтты. Ал, сапасының сын көтермеуіне кәсіби мамандардың жетіспеушілігі себеп деп отыр. Жолдың сапасына ел Президенті де сын айтқан еді. Осыны негізгі алған мамандар, сапаны қайтсек арттырамыз деп, арнайы семинарда пікір алмасты.

Қаржы бар, жұмыс жүріп жатыр. Жауаптылардың есебі осы. Олар Президент тапсырмасы бойынша жол құрылысын 2025 жылға дейін толық аяқтауға ниетті.  

Төлеген АБДУЛЛИН, ҚР ИИДМ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президентіміз Қазым-Жомарт Тоқаев жол мәселесін шешуді тапсырды. Сол міндетті орындау үшін біз семинар ұйымдастырдық. Мұнда жол құрылысына жауапты адамдар әр өңірден жиналып, пікір алмасып жатырмыз. 2025 жылға дейін республиканың барлық өңірінде жол мәселесі шешіледі деп ойлаймын.

Дегенмен семинарға жиналғандар жолдың жырға айналып кетуінің себептеріне тоқталды. Басты мәселе битум тапшылығы деді. Қара алтынды игергенмен, қара тасқа жарымай отырғанымызды автомобиль жолдары басқармасының басшысы да мойындап отыр.

Нұржан ЖҰМАДІЛОВ, ШҚО ЖОЛАУШЫ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Битум тапшылығы енді Автомобиль жолдары комитеті тарапынан мынау Энергетика министрлігімен бірлесіп, қарастырылып жатыр. Қазір Ресейден де қосымша битум аламыз деген келісімге келіп жатыр.

Еліміздегі жолдардың 80 проценті жөндеу жұмысынан өткен. Дегенмен салынған жолдың сапасына сын айтатындар аз емес. Мамандар болса сапаның төмендігіне  кәсіби білікті мамандардың жоқтығы әсер етіп отыр – дейді.

Арман ӘЛІБАЕВА, «ҚАЗАҚСТАН ЖОЛ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫ» АҚ ДИРЕКТОРЫ:

Жол құрылысы мамандарының тапшылығы, осы  жол сапасына байланысты мәселелерді туындатады. Сондықтан мамандарды тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек.  Қазір жұмысшыларды біліктіліктен өткізу үшін біз оқу орталығын аштық. Бұл аталған проблеманы шешуге көмектеседі деп ойлаймын.

Президент айтқан пәрменді назарға ала отырып, әр өңірдегі жолға жауапты мамандар жол сапасын қайтсек жақсартамыз деген сұраққа жауап іздеді. Олар бір ауыздан жол құрылысына инновациялық технологиялар мен материалдарды кеңінен енгізу керек деген ойға келді.

А. Задабек