Елдегі ең жемқор мемлекеттік
органдардың тізімі биыл да өзгеріссіз қалды. Олар әкімдіктер, ішкі істер
органдары, ауыл шаруашылығы министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі,
квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік кірістер комитеті. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің алқа мәжілісінде Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы күрес бойынша ұлттық бюро төрағасының орынбасары Талғат Татубаев
мәлімдеді. Бюро бірінші жартыжылдықта бір жарым мыңнан астам жемқорлық қылмыстың
бетін ашқан. Бюджет қаржысын ұрлау фактісі екі есе артқан.
Талғат Татубаев, ҚР сыбайлас
жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюро төрағасының орынбасары:
Пара алу фактісі мен қызметін
асыра пайдалану жағдайлары көп. Ақша ұрлау фактісі мен сотқа жолданған істер
артты. Келтірілген шығын 29 млрд теңге, қазір оның 8 млрд қайтарылды. 13 млрд теңгенің мүлкін сот тұтқындады. Ресми мәлімет бойынша, 588 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. 11
республикалық деңгейдегі басшылар, 39 облыстық, 79 қалалық және аудандық
деңгейдегі бастықтар. Және 16 әкім мен орынбасарлары.
Шенеуніктер арасында жемқорлық
фактілерін азайту үшін жүйелі жұмыс керек, - дейді мемлекеттік қызмет істер
министрі.
Талғат Донақов, ҚР мемлекеттік
қызмет істері министрі:
Жемқорлықпен күресу - ол жүйелі
мәселе. Оны тек қана қылмыстық істермен шешуге болмайды. Ол үшін біз
мемлекеттік қызмет жұмысында, мемлекеттік қызметшілердің жұмысында оның жұмыс
тәртіптерін, заңдарын, стандарттарын т.б. жағдайларын өзгертуіміз керек.
Айгүл ӘДЕПБАЙ