Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну ертең басталады

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2022
  • 1578

Ертеңнен бастап, Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну басталады. Ол 11 қазанға дейін жалғасады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады. Сайлауға түсетін әрбір үміткер 3 миллион теңге көлемінде жарна төлеуі тиіс. Егер кандидат лауазымға сайланса немесе дауыс беруге қатысатындардың кемінде 5 процент даусын жинаса, сайлау жарнасы қайтарылады,-деді комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров.

Константин ПЕТРОВ, ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үміткер сайлаушылар санының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет. Қол қою парақтарын беру кандидаттың Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін 5 күннің ішінде жүргізіледі. Қазақстанда Президенттікке 40 жастан асқан, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте кемі бес жыл жұмыс істеген, кейінгі 15 жылда елде тұрған адам үміткер бола алады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елдегі 11 миллион халықтың дауыс беруге құқығы бар. Кандидаттардың үгіт-насихат жұмысы 21 қазан күні басталып, 18 қарашаға дейін созылды. Айтпақшы, алдағы президент сайлауында, дауыс берушілер үміткер арасынан лайық адам таппаса, «барлығына қарсымын» деген бағананы таңдай алады. Конституцияға енген соңғы түзетуге сәйкес, елде президент жеті жылға сайланады және одан кейін қайта сайлауға түсе алмайды.

А. Задабек