Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана-Павлодар тас жолының құрылысы тоқтап қалды

  • AstanaTV
  • 20 шілде 2016
  • 3171

Астана-Павлодар-Өскемен тас жолының бір бөлігіндегі құрылыс тоқтап қалуы мүмкін. 500-ге жуық жол жөндеуші жұмысқа шығудан бас тартып отыр. Өйткені 3 айдан бері жалақы алмаған. Осының кесірінен құны 10 млрд теңгеге бағаланған «Орталық-Шығыс» республикалық жобасының жұмысы белгіленген кестеден ауытқымақ. Ал амалы таусылған құрылысшылар тиісті органдарға шағымданған. Мәселе қашан шешіледі? Әсемгүл Мұхитқызы анықтап көрді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

2014 жылдан бері қарқын алған тас жолдың құрылысы бүгінде бәсеңдеп қалған. Жанар-жағармай мен құрылыс материалдарының жоқтығынан техника тоқтап тұр. Мердігер құрылысшылардың денін таратуға мәжбүр болғандығын айтады. Еліміздің әр өңірінен жиналған жұмысшыларға еңбекақы бермек түгіл, асырап-күтуге де мүмкіндіктері жоқ.

Бұл учаскіде шамамен 170 адам жұмыс істейді. Құрылысшылар қатарында Павлодардан бөлек, Астана, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, тіпті Атырау тұрғындары да бар. Нәпақа іздеп келген олар, үш айдан бері маңдай термен тапқан жалақыларын ала алмай жүргендерін жеткізді.

Валерий Бершімбаев, механик:

Көбіміздің несиеміз бар. Балаларымыз бар. Қыркүйек айы жақындап қалды. Мектепке баланы дайындау керек, құрал-жабдықтар сатып алу керек дегендей. Бірақ бізде ақша жоқ. Қалай дайындаймыз?!

Ленин кенті мен Пограничник ауылы арасындағы жол құрылысы екі ауысымда, еш ауытқусыз жүргізіліп келген. 25 шақырымдай аумақты жұмысшылар мерзімнен бұрын тапсыруды жоспарлапты. Бірақ мамырдан қаржыландыру тоқтап, проблемалар басталған. Құрылысшылардың айтуынша, бұл жағдайға акционерлер арасынан шыққан дау-дамай себеп. 

Рақымберден Әбілов, мердігер ұйымның өкілі:

Біз күндіз-түні жұмыс істеп келе жатқан мекемеміз. Енді біздің ақшаларымызды дер кезінде төлемесе, біз бірер күнде жұмысты тоқтатамыз. Ары қарай жұмыс істей алмаймыз. Қазір біздің мекемеде 3 мердігер компания бар. 450 адам жұмыс істейді. 250-дей техника бар.

Жалақысын ала алмаған қауым құзырлы органдарға жүгінген. Еңбек инспекторлары тапсырыс берушінің кінәсі анықталса, жалақы қарызынан бөлек, айыппұл да төлетпек.

Қанат Тәженов, Павлодар облыстық еңбек басқармасының бөлім басшысы:

Біз әкімшілік өндіріс қозғап, айыппұл тағайындаймыз. Оның мөлшері 60 пен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінің арасында. Егер біздің ескертпеміз орындалмаса, оны мәжбүрлі орындату үшін материалдарды сотқа жібереміз. 

Ұзындығы мың шақырымдай болатын автобан Ақмола, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстырады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жобаға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Ауқымды құрылыс 2017 жылы аяқталуы тиіс.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ