Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да 52 мектеп директорының орны бос тұр

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2022
  • 1307

Батыс Қазақстан облысында мектеп директорлары жетіспейді. Қазір өңірде 52 білім ордасында  басшының орны бос тұр. Директордың міндетін атқару  орынбасарларға жүктелген.  Басшы неге тапшы? Жауаптылар мәселені қалай шешпек? Еркін Карин толықтырады.   

Оралдағы 41-мектеп-лицейде жарты жылдан бері директор жоқ. Бұрынғысы басқа мектепке ауысып кеткен. Бұл ғана емес, өңірде елу шақты мектепте  басшы жоқ. Олардың кейбірі  зейнетке шыққан, енді бірі  басқа қызметке  ауысқан.
 
Жанат ЖОЛДАСБАЕВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ №41 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мектеп директорының лауазымдық міндетін қазіргі уақытта директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі атқаруда. Яғни, директордың жалпы негізгі міндеттерін, ішкі жұмыстарын, сыртқы жұмыстарын барлығын директордың орынбасары бірге атқаруда. Сонымен қатар бізге ең маңыздысы мектебімізде сапалы білім беру. Яғни, ол жүзеге толығымен асырылуда.
 
Дегенмен салаға жауапты шенеуніктер жағдайды түзейміз дейді. Мектеп директорына қойылар талап жоғары.  Сондықтан көбі мұғалімдік қызметті жөн көреді дейді. Жаңа оқу жылы басталғалы директорлыққа үміткерлердің құжаттары қабылданып, конкурс өткізілген. Ең бастысы басшы тапшылығы оқу процесіне кесірін тигізбегенін айтады.  
 
Жанна ӘБДІРАХМАНОВА, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
 
Басшылар жоқ болғанымен, мекеменің басшыларының орынбасарлары жұмысын толық атқаруда. Олар да тәжірибесі мол. Сол мектептің педагогтары. Сондықтан тиісті деңгейде жұмысы атқарылып жатыр деп ойлаймын.
 
Дегенмен өңірдің білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті жүргізген мониторинг кезінде кадрлар мәселесінде бірқатар кемшілік анықталған. Мысалы, 84 педагогты жұмысқа қабылдау конкурсының талаптары сақталмапты. Ал 71 маман қызметке конкурссыз кіріскен.  
 
Бұлбұл КҮЗЕМБАЕВА, БҚО БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

2022-жылдың қаңтарынан бастап, 23 мектепке бірінші басшы тағайындалған. Алайда ҚР Білім  және ғылым министрінің талаптары толық сақталмайтыны анықталды. Конкурсты ұйымдастыру процедуралары хабарландыру бергеннен бастап, үміткерлердің білімдерінің сәйкестігі, конкурс хаттамаларының рәсімделуі, бағалау парақтарының толтырылуы, қойылған балдардың есептелуінде кемшіліктерге жол берілген.
 
Бұл аздай, өңірдегі 97 мектепте спорт залы жоқ.  Білім ордаларының 30 пайызында интернет жылдамдығы баяу, компьютерлердің 29% ескірген, интерактивті тақталар істен шыққан.
 
Е. Карин