Батыс Қазақстан облысындағы тұрғын үй құрылысымен айналысатын компаниялар тығырыққа тірелді. Олардың дені тіпті банкрот болуы мүмкін. Өйткені үй бағасы қымбаттағандықтан, салынған жаңа пәтерлер өтпей жатыр. Бүгінде өңірде 30 шақты құрылыс компаниясы бар. Олар жылына 20 шақты үй тұрғызғанымен, соның тең жартысы әрең сатылатын көрінеді. Ал қалған үйлер қаңырап бос тұр. Сондықтан, бұл саланы жандандыру үшін мемлекет қолдауы керек, дейді құрылысшылар.
Александр ҚАРАҒОЙШИН, «ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ» БҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
Құрылыс саласына өте үлкен зиян келеді. Біріншіден, құрылыс компаниялары азаяды. Тұрғын үйдің метрлік салынып жатқан көлемі азаяды. Жұмыссыздық көбейеді.
Тығырықтан шығудың жолын іздеген мамандар халық көңілінен шыққан мемлекеттік бағдарламаларды көбейтіп, мерзімін ұзарту керек дейді. Сонымен қатар, жеңілдікпен берілер несиенің шекті мөлшері 15 миллион теңгеден көбейтілуі тиіс деп санайды. Айтуларынша, 3 бөлмелі пәтердің бағасы 25-30 миллион теңге шамасында. Оны алуға көп адамның мүмкіндігі жоқ.
Мақсат ҚҰЛАНБАЕВ, БҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ол деген тек қана біздің Батыс Қазақстан облысының проблемасы емес, бүкіл Қазақстанның проблемасы. Орталық аппаратқа белгілі сұрақ. Ол деген мына үкіметке осындай ұсыныстар жолданып жатыр. Оны бөлек біздің облыстан бөлек жіберу міндетті емес қазір.
Е. Карин