Русский Сайттың толық нұсқасы

Автосалондарда көлік жоқ

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2022
  • 1180

Еліміздегі автосалондарда көлік жоқ. Қолында қаражаты барлардың өзі мәшине таба алмай сенделіп жүр. Бар болса, қымбат.  Сарапшылар    мұның бірнеше себебі бар дейді.  Ол қандай факторлар? Әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Жаңаның аты жаңа. Барлығы автоматтандырылған. Мұндай темір тұлпарды тақымдау кез келгеннің арманы екені анық. Алайда, қалтасында қаржысы барлардың өзі қалаған көліктеріне қол жеткізе алмай жүр.

Елордалық Біржан бар жиған-тергенін алып, салонға барыпты. Бірақ, ондағылар "жаңа көлік алам деген қуанышыма су сепкендей болды " дейді.

Біржан ЕРЕЖЕЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қолымда ақшам бар. Бірақ маған салонда машина жоқ деп айтты. 5-6 ай күту керек дейді кем дегенде.

Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, көлік тапшылығына бірнеше фактор әсер етіп отыр.

Алексей АЛЕКСЕЕВ, САРАПШЫ:

Басты себеп - микрочиптердің, өзге де электронды компоненттердің тапшылығы. Онсыз заманауи көлік жасалмайды. Салдарынан, дүниежүзінде, соның ішінде АҚШ, Қытай, Кореяда автоиндустрия қарқынды дамымай тұр. Екіншіден, Ресей мен Украинадағы жағдай әлемдегі экономикалық байланыстарды, логистиканы, жеткізу тізбектерін бұзуда.

Еліміз бұрын Ресейден алса көлікті, қазір  импорт тоқтаған. Керісінше, рубль бағамының бұрын-соңды болмаған дәрежеде өсуі салдарынан енді ресейліктер бізге ағылып, Қазақстан нарығынан көліктерді белсене сатып алуда. Сол себепті, баға шарықтаса да, жаңа автокөлік саудасы 25 процентке  өсіп, сегіз айда Қазақстандағы жаңа көліктер сатылымы 75 мыңға жеткен.

Айнұр АҚЫЛБАЙҚЫЗЫ, ҚР ИИДМ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ДАМУ КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Ағымдағы жылдың 8 айында елімізде  62 мыңнан астам жеңіл көлік шығарылып, дилерлік орталықтарға жеткізілді, өсім өткен жылмен салыстырғанда 32%. Қазіргі уақытта отандық өндірушілер тұтынушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткізілімдерді барынша жедел жүргізуге тырысуда. Дегенмен, кейде сатып алушы дилерлік орталықта бар  көлік моделінен басқа модельді сатып алғысы келетін жағдайлар бар. Осы ретте ол орталықта өтінім қалдырып,  қажетті көліктің түсуін күтеді. Күту уақыты - орта есеппен 1 айдан 2 айға дейін.

Кім болса да сапалы әрі қымбат көлікті мінгісі келеді. Бірақ, шетелдік машиналар ғана емес, отандық көліктердің де бағасы шарықтап тұр. Бағаға утильдік алым әсер етеді. Ал утилизациялық алым көліктің қозғалтқыш көлеміне қарай төленеді.

Қозғалтқыш көлемі 1 ден 2 литрге дейінгі автокөліктерге бұрын 1 072 050 теңге болса, қазір 556 000 теңге. Ал, бұрын қозғалтқыш көлемі 3 литр немесе одан көп көлікке 3 522 450 болса, қазір 1 828 500 болып бекітіліп, екі есе азайған.

Сарапшылар Үкіметке баж салығын елеулі түрде азайтуды, тұңғыш жаңа көлігін сатып алатын азаматтарға жеңілдік жасап, утильалымнан мүлдем босатуды, еліміздің автоқұрастыру нарығын жасанды жолмен шектей бермей, шетелдік барлық автоконцерндер үшін айқара ашуды ұсынады. Әйтпесе, мына қарқынмен болашақта еліміз ескі көліктердің  мекеніне айналуы ғажап емес дейді.

А. Базарбай