Арқадағы көмір бағасы, көпшіліктің қалтасына салмақ салып тұр. Күн суытса да от жаға алмай отырғандар бар. Қала іргесінде қатты отынның тоннасы 20 мың теңгеден сатылуда. Жергілікті атқамінерлердің бағасы мүлде басқа. Олар бағаны ұстап тұрмыз дейді. Сонда бағаға баға қосып отырғандар кімдер? Тілшіміз жауап іздеді.
Астанада көмірден тапшылық жоқ. Жауаптылар баға да тұрақты дейді. Қыркүйек айында 66 тонна қатты отын жеткізілген. Қазанда тағы 77 мың тонна қоймаларға әкелінбек. Сұранысты қанағаттандырып отырғандарын жеткізді.
Абылайхан ОСПАНОВ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІ ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Биылғы көмірдің бағасын тұрақты. Мысалы тоннасына айтар болсақ, Шұбаркөл 13800, Қаржыра 14500, Майкөбе 12700 деп бекітілген. Бағаны ұстап, шарықтатпау үшін көмірмен айналысатын 8 мекемемен меморандумға қол қойылды.
Алайда, бұл қоймадағы бағалар. Қала маңындағы ауылдарда баға басқаша.
Үсенхан ДӘУЛЕТБЕРДІҰЛЫ, ТІЛШІ:
Күннің күт суытуына байланысты қатты отынға деген сұраныс артқан. Дегенмен, сұраныс бар жерде бағаның шарықтап кететіні тағы бар. Сондықтан, бүгінде бағасымен сапасы халықтың көңілінен шыға ма мұны халықтың өзінен сұрап білсек.
Абылахат ДАШЫМБЕК, ҚОЯНДЫ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз әлі көмір түсірмедік. Қаражат жоқ. Баға аспандап тұр. 20 мыңның үстінде. Жағдай көтермейді. Жоғарыда отырған басшылар қарапайым халыққа көмектесіп, бағасын 15 мыңға түсірсе екен.
Құрмет ТІЛЕУ, ҚОЯНДЫ АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Былтырда қымбат болған, биылда мәз емес. 1-2 тоннадан артық алуға шамамыз жетпейді. Халықтың басым бөлігі әлі көмір түсірмеген.
Алыпсатарлар отынның әр тоннасын 20 мың теңгеден түсірмейді. Тоннасына 6 мың теңгеден қосып отырғандармен тілдеспек ниетімізден түк шықпады. Бағаға баға қосып саудалап жатқандар ат-тонын ала қашты. Өкініштісі оларды бақылайтындар жоқ, -дейді бұқара. Қар жауса көмір құны тағы өседі, бұл жылдағы әдет дейді ауыл халқы. Ал, бүгін бас қалада жылу беру маусымы басталды.
Мақсат ЕСМАҒҰЛОВ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІ ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бүгін Алматы және Сарыарқа аудандарына жылу берілді. Ертеңнен бастап қалған аудандарға жылумен қамтамасыз етіледі. Жалпы жеке секторда 300 мың адам, көпқабатты тұрғын үй саласында 800 мың адам жылыту маусымына қосылады.
Сондай-ақ, қаладағы 6000-ға жуық баспана, көгілдір отынның игілігін көріп жатыр.