Сібір жарасы жұқпасы тіркелген
Ертіс ауданы Ұзынсу ауылындағы карантин шілденің 26-сына дейін жалғаспақ.
Облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы өкілдері тексеру
жұмыстарының әлі де күшейтілген кестеде жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Өңірде
қауіпті дерттің жаңа оқиғасы тіркелмеген. «Сібір жарасы» анықталғаннан кейін
ауылдағы 800 бас ірі қара, 1 200 қой мен 100 шошқа қайта егілген.
Рашид Нұрбеков, ҚР АШМ
ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекция басшысы:
Карантин аумағында мал союға
тыйым салынған. Сондай-ақ, мал қайта егілгеннен кейін 21 күнге дейін бордақылау
жүргізілмейді. Ертіс ауданынан ет өнімдерін шығаруға болады. Өйткені мұнда
карантин жарияланған жоқ. Десе де, ветеринарлық-санитарлық сараптама міндетті
түрде тағайындалады. Өнім сойылғанға дейін және сойылған соң да тексерістен
өтеді.
Шілденің 8-сінде «сібір жарасы»
диагнозымен Павлодар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына Ұзынсу ауылының үш
тұрғыны жатқызылған болатын. 51 жастағы азамат көз жұмды. Дәрігерлер екі
науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп отыр.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ