Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордаға жаңа автобустар әкелінді

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2022
  • 2354

Қызылордаға жаңа автобустар әкелінді. Осыған дейін халық қоғамдық көліктердің аздығына, жүру уақыттарының жиілігіне қатысты үнемі шағымданатын. Сұранысқа сай, үлкен сыйымдылықтағы  көліктердің алғашқы легі қалаға жеткізілді.
 
Қоғамдық көлік мәселесі өңірде өзекті. Сол түйткілді шешу үшін, облыс орталығына үлкен сыйымдылықтағы 21 автобус әкелінді.  Оның 15-і қалаішілік бағыттарға  қосылған. Қалғандарының құжаттары рәсімделіп жатыр.   Бұл   жаңалықты қала тұрғындары қуанышпен қабылдауда.

Сәуле ЕРМАШОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңа автобустар өте әдемі. Сыртынан да көрнекті, ықшамды. Тіркеліп жүретін автобус сияқты емес, біздің көшелеріміз тар ғой қанша дегенімен.

Шынар КЕНЖЕБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңа келген автобус жақсы. Шағын бір жағынан, тез тез жүреді екен. Бұрынғы автобустар арасы ұзақ болатын. Аялдамада көп күтіп қаламыз. Қазіргі автобус жақсы болған.

Әкімдікке қарасты Қызылорда автобус паркіне жыл соңына дейін тағы 129 автобус қосылады.  Соның есебінен қалаішілік бағыттардың 70 проценті үлкен сыйымдылықтағы көліктермен қамтылады.  Ал тұрғындардың мініп-түсуіне ыңғайлы, әрі соңғы үлгіде жабдықталған бұл автобустар Қазақстанда құрастырылған.

Мақсат ЖҮСІП, «ҚЫЗЫЛОРДА АВТОБУС ПАРКІ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қарағанды қаласынан жинап құрастырылған. Автобустардың барлығының ішінде салқындатқыш кондиционері бар және де заманауи жабдықтармен жабдықталған. «Қазтехно» мекемесінен алынды. Лизинг арқылы, кредитке алынды.


Автобустар толық әкелінгеннен кейін, бұрын қоғамдық көлік тапшылығынан алынып тасталған кейбір бағыттар қайта жанданады.  Қоғамдық көлікті сағаттап күтіп, келгенде әрең сиятын тұрғындардың мәселесі осылайша шешімін таппақ.

М. Тоқтасынқызы