Заман
өзгерсе де, Бас прокуратура жүйесі өзгермей келеді. Бүгін жарты жылды
қорытындылаған Бас прокурор өзі басқарып отырған мекеме жұмысын сынға алды.
Прокуратура «кездейсоқ» адамдар мен көкесі барлар қызмет ететін мекемеге
айналмауы тиіс деді. Кардр біліктілігіне алаңдаған Жақып Асанов бұдан былай
органға алынатын қызметкерлерге талапты күшейтпек. Тас-түйін жабық органның
журналистер үшін жібіген соңғы алқа отырысынан Азамат Алдоңғаровтың материалы.
Бас
прокуратура тізгінін үш ай бұрын алған Жақып Асанов жарты жылдық жұмысты
қорытындылады. Жиын Алматыда қаза тапқандарды бір минуттық үнсіздікпен еске
алудан басталды.
Әдетте журналистер үшін қатаң протоколмен шектелетін дәстүрлі алқа отырысы бүгін еркін
форматта өтті. Еркіндік бас баяндамашының сөзінен де байқалды. Өзі бастаған
мекеменің кемшіліктерін жіпке тізді.
Жақып
Асанов, ҚР Бас прокуроры:
Ең
алдымен кадр мәселесі. Қызметке кейде үздіктер емес, іскерлік қабілеті төмен,
тек өз пайдасын ойлайтын кездейсоқ адамдар кіріп жатады. Танысың, көкең болмаса, өз күшіңмен бізге орналасу мүмкін емес деген ой қоғамда қалыптасты. Баяғы тағы
бір ауру - статистикаға бағыну. Барымызды асырып, жаманымызды жасырып, тек
көрсеткіш қуумен жүрміз.
Ал
қуып ақыры жете алмаған көрсеткіштерді қолдан жасаудан да тайынбай келген.
Жақып Асанов басқарған органға енді қызметкерлер бірнеше емтиханнан соң ғана
қабылданбақ.
Жақып
Асанов, ҚР Бас прокуроры:
Енді
үміткерлер екі қысқа шығарма жазады. Біреуі өмірлік ұстанымдары жайында,
екіншісі ұсынылған тақырыпта. Сонымен қатар тапсырмаларды шешіп, психотесттен
өтеді. Осылайша оның өресі өлшеніп, толық ақпарат аламыз.
Бас
прокурордың шағымдарға қайырылатын жауаптарға да көңілі толмайды. Прокурор тілі
түсініксіз, жауабы жұтаң. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жатар алдында
Стивен Кови, Радислав Гандапастардың психологиялық кітаптарын оқуға кеңес
береді. Тіпті ресми сайтқа әдебиеттер тізімін ілуді бұйырды. Ал прокурорлардың
бос уақытынан тура міндеттеріне келетін болсақ, бизнеске еркіндік қажет.
Жақып
Асанов, ҚР Бас прокуроры:
Қылмыстық
кодексті жаңарттық. Шағымдардың барлығы жаппай тіркелді. Нәтижесі қандай? Әрбір
үшінші, бұл 88 мың іс, соңына жетпей жабылды. Оларда қылмыс фактісі әу бастан
болмаған. Азаматтар мен кәсіпкерлерді тергеп әлек етеміз. Бұл бір-екі күндік
емес, бірнеше айға созылатын шаруа. Салдарынан азаматтар сорлайды, бизнес
жайына қалады. Өзіміздің де нақты іске уақытымыз жетпейді. Бұны қалай түзейміз?
Жұмыс
нәтижелілігін арттыру үшін Жақып Асанов прокурорлар арасында ашық бәсеке
ұйымдастырмақ. Үздік мемлекеттік айыптаушылардың пулы жасақталып, олардың
сыйақысы мен қызметі өседі. Тіпті Бас прокурормен кешкі ас ішу құрметіне ие
болады. Сыншыл, жаңашыл Бас прокурордың алғашқы алқа отырысы осымен
есте қалды. Тағы бір жаңалық - прокуратура өкілдері енді азаматтық іс жүргізуді
тоқтатпақ. Мұндай өзгерістер енгізілген заңды олар жыл соңына дейін әзірленуі
тиіс.
Азамат
АЛДОҢҒАРОВ