Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі кінәлі»,- жол апатының куәгері

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2022
  • 1692

Қарағандыда жедел жәрдем көлігі мен «Лада Ларгус» соқтығысып, бір адам қаза тапты. Көз жұмған 58 жастағы жолаушының жақындары жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін жазаға тартуды сұрайды. Себебі, куәгерлердің айтуынша, қатты жылдамдықпен келе жатқан жедел жәрдем көлігі қызыл түс жанғанда тоқтамай, қиылыстан бұрылайын деп тұрған жеңіл машинаға соққан. Салдарынан Ларгустың ішіндегі жолаушы, яғни жүргізушінің досы сол жерде көз жұмған. Ал тізгіндегі азамат жансақтау бөліміне түскен. Куәгерлер жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзды дейді.

Анна ДЕМИДОВА, КУӘГЕР:

Жедел жәрдем көлігі әп-сәтте пайда болды. Жылдамдығы 100-ден артық еді. Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамастан, дабылын да қоспастан Ларгусты соқты. Біз жүгіріп бардық, жолаушы әлі тірі болатын. Жедел жәрдемдегілерге барып көмек сұрап едік, шоктамыз деп еш көмек көрсетпеді. Жүргізуші видеорегистраторды тығып жатқандай көрінді.

Ильсур ГАЛИМУЛЛИН, ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ ҰЛЫ:

Жедел жәрдем жүргізушісі жолдағы қауіпсіздікті бағдарлауы керек еді. Бұл жерде жылдамдық сағатына 60. Әкем жедел жәрдем көлігі соғып кетті деп телефонмен хабарлаған соң дереу жеттім. Жедел жәрдем жүргізушісі кінәсін мойындамады. Шұғыл шақыру ма десек, көліктерінде науқас та жоқ екен. Олар Ағадырға адам апарып келе жатыпты.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жедел жәрдем дәрігерлері мен жүргізушінің жарақаты жеңіл болғандықтан, үйлеріне жіберілген. Ал келесі көліктің жүргізушісінің жағдайы ауыр. Жол апатына кімнің кінәлі екені, сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

«Бұл факт бойынша ҚР ҚК 345 бабы, 3-інші тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып тергеу амалдары жүргізілуде».

А. Қуаш