Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлықтар Ниццадағы терактіден қаза тапқандарды ақтық сапарға шығарып салды

  • AstanaTV
  • 22 шілде 2016
  • 2815

Бүгін павлодарлықтар Франциядағы терактіде қаза тапқан отбасын ақтық сапарға шығарып салды. Любовь, Марина және үш жасар Сильвияның жаназасына жиналғандардың қарасы қалың болды. Благовещен кафедралдық шіркеуіне қарапайым қауым мен жергілікті билік өкілдері де келген. Олар отбасының аман қалған жалғыз мүшесі Леонид Панченко мен Маринаның күйеуіне қайғырып көңіл айтып, әрдайым қолдау көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді.  

Дамир Сүйінтаев, Маринаның сыныптасы:

Біз үшін және Павлодар қаласы үшін бұл орны толмас қайғы. Өйткені Панченко отбасы - өңірге белгілі адамдар. Өте қарапайым әрі мықты кәсіпкерлер еді. Қайырымдылықпен де жиі айналысатын. Әлеуметтік белсенді, азаматтық позициясы бар отбасы болатын. 

Қайғыға ортақтасуға Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Франсис Этьен де келді. Дипломат: «Бұл оқиға адамзат баласына жасалған қастандық», - деп бағалады. Терактіден 28 мемлекеттің азаматы зардап шеккен. Францияны айтпағанда, құрбаны көп елдерге Италия мен Қазақстан кіріп отыр.

Франсис Этьен, Франциядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі:

Біріміз әке, біріміз күйеу, енді біріміз ана болып табыламыз. Сондықтан дәл қазіргі жағдайда жақынынан айрылып, қайғы жұтқан қауымның жан дүниесін жақсы түсінеміз. Білеміз. Өкінішке орай, теракті кезінде олар отбасының барлық мүшесінен айрылып қалды. Сондықтан да Панченко әулетіне өз атымнан, Франция елі атынан қайғырып көңіл айтамын.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ