Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда төменгі сынып оқушылары мектепке барудан қорқады

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2022
  • 2768

Атыраудағы №25 мектептің 4- сынып оқушылары сабаққа барудан бас тартты. Айтуларынша, оларды жоғары сыныптағылар қорқытып, ақша жинаған. Сондай-ақ, түсініксіз құрғақ ұнтақты жеуге мәжбүрлеген көрінеді. Ата-аналар" балалар белгісіз заттан уланып, ауырған соң ғана білдік бұл жағдайды" деп дабыл қағады. Ал мектеп басшылығы өздеріне шаң жуытпай отыр.

Әйгерім Ботағариева 4 сынып оқитын ұлының соңғы кезде түрлі сылтаумен жиі ақша сұрай бастағанына күдіктенген. Алдымен 500, кейін 1000, сосын екі мың теңге сұрап алған. Тағы бірде әкесінің әмиянынан рұқсатсыз ақша алынғанын байқапты. Ал екі күн бұрын ұлы сабақтан келісімен басының айналғанын айтып, есінен танып құлай жаздайды. Сол сәтте келіншек баласына келген хабарламаны оқып, шалқасынан түскенін айтады.

Айгерім БОТАҒАРИЕВА, АТА-АНА:

Бердіқожа, ертең 4 мың алып кел, ағалар келеді, однаразка алып келеді. Ертең бізді өлтіреді ғой. Мен сондай сондайларды көргенде, шошимын да. Ол мектепке апармаңыздаршы өтінемін. Мен барсам, мені өлтіред дейді. Себебі бір баланың қалтасынан пышақ көрдім бізді қорқытты.

Айгерім осыдан кейін өзге балалардың ата-анасымен сөйлескен. Балалар 9-сыныпта оқитын ағаларына ақша беріп отырғанын айтқан. Тіпті соңғы кезде шөп арасына қалдырған құрғақ сусынды жеуді талап етіп, алыстан бақылап жүрген көрінеді.

Данияр ҚАҒАЗОВ, АТА-АНА:

Үшеуміз туалеттен шығып келе жатқанда қағып кетіп едік деді байқамай. Содан басымыздан салып қалды,- дейді. Басымыздан салып қалып, «ертеңнен бастап ақша алып келесіңдер 2 мың»,- деп айтты дейді. Келесі күні таба алмай келген үшін бала менің баламды ұстап алып, мектептің артына барып соқты дейді мені. Итеріп қалып екі тепті ішімнен, сосын аяғымнан тепті деп тұр. Содан бастап ақша жинау басталды. Екі мың, артынан 3 мың бердім, артынан 4 мың бердім дейді. Бала бірақ қорқып, әлі дұрыс айта алмай отыр.

Ғалия МОЙНАҚОВА, АТА-АНА:

Аралады да, юпидің қағазын алып шықты. Алып шықты біз салып алдық. Ішінде кішкентай үгінді. Юпиді араластырған, арасында бөтен нәрсе бар екені белгілі болып тұр. Біз пакетті алып, аузымызға салмайынша дейді велосипед тұратын жерде 3 бала қарап тұрады дейді. Біз аузымызға салғаннан кейін ана балалар кетіп қалады.

Ата-аналар бұл туралы мектеп басшылығына хабарлаған. Балалардың айтуымен, 9-сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын шақырып сөйлесіпті. Бірақ ешқайсысы мойындамай қойған. Мектеп директоры да бұл іске жоғары сыныптың оқушыларының қатысы болуы мүмкін емес деп азар да безер болады.

Бақтылы НҰРЖАНОВА, Б.МОМЫШҰЛЫ АТЫНДАҒЫ №25 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Балаларды шақырттық, ата-аналарды шақырттық, бірақ балалар жылап тұр. Біз ешқандай ақша жинағанымыз жоқ деп. Сырт адам болып тұр ғой. Мектептің ішінде деп ойламаймын. Мектептің ішінде емес, сырттағы нәрсе.

Ата-аналар мәселенің мән-жайын бейнекамера арқылы да анықтамақ болған. Алайда мектептің сыртындағы бейнекамерада 2-қыркүйектен бастап ештеңе түсірілмеген. Ал дәліздегі камералар төмен қарап тұрғандықтан, ештеңе көре алмадық,- дейді. Енді мектептегі жағдайды полиция анықтауға кірісті.

Ерлан БИҒАМБАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Егер қылмыс құрамы болса, қылмыс болады. Әкімшілік болса, әкімшілік болады. Қосымша жеткіземіз тексеріп, анықтап.

Білім бөлімінің ақпаратынша, мектепке барудан бас тартқан 4-сынып оқушыларына психологиялық көмек көрсетіледі. Ал білім ошағында әлімжеттіктің бар екені рас па, жоқ па, оны полиция анықтайды.

Б. Надірқызы