«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Бұл жолы сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалицияның құрылуы туралы сөз етті. Партиялықтар бұл – елдегі бірліктің айқын көрінісі болды – дейді.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек, Халықтық коалицияның құрылуы жаңа саяси мәдениеттің қалыптасқанын көрсетеді – дейді. Себебі, Президент жүргізіп жатқан реформалар халық арасында үлкен қолдауға ие болған.
Дәулет КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Біздің партияның съезінде, одан бөлек басқа да партиялардың, жалпы 20-дан астам саяси және қоғамдық ұйымдардың съездерінде, қауымдастықтардың отырысында елдің Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Берекеміз - бірлікте.
Депутат Айдос Сарым елдегі болып жатқан реформаларды соңына дейін жеткізу – басты мақсат екенін айтты. Ал бұл бастамаларды оң бағытпен соңына дейін жеткізе алатын қазіргі Мемлекет басшысы – дейді.
Айдос САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Басты мақсат – елде жасалып жатқан реформаларды соңына дейін жеткізу, олардың мызғымастығын қамтамасыз ету. Бұл істі соңына дейін ең үздік, ең дұрыс жолмен жеткізетін қазіргі Президент.
Мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова да бұл бастаманы қолдайды. Оның айтуынша, Халықтың коалиция – мемлекеттің басына күн туған жағдайда біріге алатынымыздың айғағы.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Соңғы үш жылда үлкен-үлкен, күрделі кезеңдерді бастан өткердік. Алдағы 10 жыл қаншалықты қиын болатындығы, қаншалықты күрделі болатындығын бүгінгі сын сағаттардың өзінде сезініп жатырмыз. Бұл – ішкі жағдайды алсақ та, жалпы пост кеңестіктегі геосаяси жағдайды алсақ та, сондықтан бізге, әрине, халықтың мүддесі тұрғысынан сын сағатта тегеуірінмен жауап беретін көшбасшы қажет.
Еске сала кетейік, Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалицияның форумы өтті. Форумға Парламенттегі саяси партиялардың және 20-дан астам республикалық қоғамдық бірлестіктің екі мыңнан астам өкілі қатысты.
А. Задабек