Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда автобус тұрғын үйдің ішіне кіріп кетті

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2022
  • 1580

Алматыда автобус жеке тұрған үйдің ішіне кіріп кетті. Жол апатынан 7 адам зардап шеккен. Алдын ала болжамға сай, көлік жүргізушісінің денсаулығы сыр берген болуы мүмкін. Тас талқаны шыққан баспанадағылар дін аман. Қара суықта үйінен айырылғандардың шығынын кім өтейді? Тараптарды тындағын әріптесін тақырыпты тарқатады.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Автобус үлкен жылдамдықпен үйге соғылып, оны жарып өткен. Әп сәтте баспананың сау тамтығы қалмады. Мәселен, «мына жерде жуынатын бөлме болған»,- дейді үй иелері. Алайда оның орнында дәл қазір осындай үйінді ғана қалған.

141-ші бағыттағы автобустың жүргізушісі Кудерин көшесімен келе жатып, көлікті басқара алмай, жолдан шығып кеткен. Бұл уақытта баспана иелері балаларымен бірге үйдің ішінде болған. Абырой болғанда, үй ішіндегілер дін аман. Олар өздері абдырап барынша автобустағы адамдарға жәрдемдесуге тырыстық»,- дейді олар.

Галина ЩЕРБАКОВА, ҮЙ ИЕСІ:

Біз қызым екеуміз ас бөлмеде отырғанбыз. Бір уақытта көз алдымызда автобус үлкен жылдамдықпен үйге кеп соғылды. Айнала шаңға оралды. Құдды бір бомба жарылғандай. Зәреміз ұшты. Автобустың ішінен адамдар секіріп шығып жатты. Ішінде екіқабат әйелдер де бар. Ал жүргізушінің түріне қараудың өзі қорқынышты болды.

Автобус паркінің атқарушы директоры тұрғындарға келтірілген барлық шығындарды өтейтіндерін жеткізді. Тіпті, оларға уақытша жалдап тұратын пәтерді де тауып қойған көрінеді. Сондай-ақ, мамандар жол апатының себебін жүргізуші денсаулығының сыр бергенімен байланыстырады. Дегенмен, «әр жүргізуші таңертең рейске шықпас бұрын, медициналық тексерістен өтеді»,- дейді.

Шыңғыс БАЙҚАДАМОВ, «ОЛЖАС LTD» ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Автобустың салонының ішінде водительді түсіріп отыратын камераның флешкасын ашып, жүргізушіге не болғаны көрінді. Апат болар алдында жүргізуші бір-екі рет жөтеліп, содан кейін қолы түсіп кетіп, басы қисайып, рульді жіберіп алды. Келесі секундта апат басталды. Ол бейнекамера тергеуші органдарға беріледі.

Бүгінде жол апатына түскен автобус жүргізушісі ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалауда. Ал зардап шеккен басқа жолаушылар амбулаториялық емге жіберіліпті.

АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:

Апат салдарынан 7 адам зардап шекті, олардың бірі бала. Зардап шеккендер жедел түрде ауруханаға жеткізілді. 1 науқастың қазіргі кездегі жағдайы өте ауыр деп бағаланады. Ол анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде. Барлық қажетті медициналық көмекті толық көлемде алады.

Аталған оқиғаға қатысты көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

М. Жақан