Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда тағы бір ислам банкі ашылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 12 қазан 2022
  • 1263

Қазақстан мен Қатар стратегиялық әріптестік орнатуға уағдаласты. Білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын бірлесе дамытпақ. Қазақстанда тағы бір ислам банкі ашылуы мүмкін. Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің мемлекет сапары аясында тағы қандай келісімдер жасалғанын тілшіміз тарқады.

Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Астанаға кеше кешкілік келді. Мәртебелі мейманды Елорда әуежайынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды.

Қатар Президентіне бүгін Ақордада құрмет көрсетілді. Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеді. Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұранын орындады. Мұнан соң қос Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын иіп, өзінің құрметін білдірді.

Алдымен шағын құрамдағы кездесу өтті. Президент Қатар басшысына арнайы шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін алғыс айтты. Кеңейтілген құрамда екі елге ортақ мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Қатарды Таяу Шығыста ғана емес, әлемдік деңгейде маңызды рөл атқаратын мемлекет әрі халықаралық қауымдастықтың белді мүшесі деп санаймыз. Қатар өңірдегі қоғамдық келісім мен бейбітшілікті, өркениеттер мен діндер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға зор үлес қосып отыр. Біз сіздердің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы бастамаларыңызды жоғары бағалаймыз.

Келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Осы мерзім ішінде Қатармен тығыз ынтымақтастық орнады, сындарлы саяси диалог құрдық. Мемлекет басшысы Астанадағы әл-Фараби мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы осының айқын көрінісі екендігін баса айтты. Жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Ал қадірлі қонақ Қазақстан-Қатар үкіметаралық комиссиясының жұмысын түрлі салада жандандыру керек дейді.

Тәмим бен ХАМАД ӘЛ ТӘНИ, ҚАТАР ӘМІРІ:

Жақын арада осы комиссия жұмысын қайта жалғастырады деп үміттенемін. Сонымен қатар, біз аймақтық және халықаралық деңгейдегі мәселелерді қозғадық. Ертең Қазақстан елордадасында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VI саммиті өтеді. Осы саммитте біз саясат, қауіпсіздік және Азия аймағына қатысты өзге де өзекті мәселелерді талқылаймыз.

Қатар мемлекеті елімізде құны 200 миллион доллар болатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен монархиялық мемлекеттің әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни тиісті құжаттарға қол қойды. Стратегиялық әріптестік орнатуға уағдаласты. Сауда-экономикалық ынтымақтастық және стандарттау мен метрология саласын бірлесе дамытпақ. Сонымен қатар тараптар геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын дамытуға келісті. Қазақстанда тағы бір ислам банкі ашылуы мүмкін.

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Парсы аймағында орналасқан Қатар – күрделі мемлекет. Себебі бір терезе сияқты. Біріншіден, өте бай мемлекет. Қарым-қатынасымыз бұрыннан жақсы. Қазір тауар айналымыз өте төмен. Тек 3 млн доллар. Бірақ біз қазіргі уақытта экспорттық мүмкіндігімізді 70 млн долларға дейін жеткізуге болатынын есептедік. Masraf – ислам банкі. Өздеріңіз білетіндей, олардың қызметі ерекше. Несиеге пайыз қоспайды. Оның қашан ашылатынына қатысты мәселе қазіргі уақытта талқыланып жатыр.

Қатар біз үшін -Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес. Тәуелсіздік жылдарында екі елдің ынтымақтастығы нығайып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар, сондай-ақ жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы іс-әрекеттер дамып келе жатыр. Сарапшылар бұл сапар байланысты нығайта түседі дейді.

Генрик Халагер КРИСТИАНСЕН, «ESTITHMAR HOLDING» бас директоры:

Қазақстанның қалай дамып жатқанын көріп отырмыз. Үлкен әлеует бар. Біз Қатарда бизнес жасап жатырмыз, сондықтан неге бұл жерде де жасамасқа. Біз медицина және туризм саласындағы үш келісімшартқа қол қоямыз. Бір нысан Астанада, екеуі Каспий теңізінің жағасында болады. Біз негізінен осы екі қалаға назар аударамыз. Жобаға 500-ден 600 миллион долларға дейін инвестиция салуды жоспарлап отырмыз.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманның қазақ-қатар қарым-қатынасын тұрақты дамытуға өлшеусіз үлес қосып отырғандығын айтып, достықты нығайтып, бірлікті арттыруға күш салатынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Тәмимді «Алтын қыран» орденімен марапаттады.

Қазақтың қонақжайлығына Қатар Әмірі де ризашылығын білдіріп, өз елдерінде өтетін футболдан Әлем чемпионатын тамашалауға шақырды.

Т. Әлжанов