Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында кәсіподақ ұйымы білім басқармасы мен білім бөлімінің басшылығы қысым көрсетті деп шағымданды

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2022
  • 3875

Қарағанды облысында мұғалімдердің кәсіподақ ұйымы білім басқармасы мен білім бөлімінің басшылығы қысым көрсетті деп шағымданды. Шет аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы төрағасының айтуынша, аталған мекеме басшылары мектеп директорларын үгіттеп ұстаздарды жаңа құрылған локальді кәсіподаққа кіруге мәжбүрлеп отыр. Осылайша жұмысымызға кедергі келтіруде деген ол, ел Президентіне білім мекемелері басшыларының ісіне тосқауыл қоюды сұрап жеделхат жолдады. Мәселенің мән- жайын өңірдегі тілшіміз Айжан Қуаш біліп қайтты.

Шет аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қайрат Биғожиннің айтуынша бұл дау екі ай бұрын басталған. «Білім» деп аталатын жаңа кәсіподақ құрылғалы, мектеп директорлары мұғалімдерді үгіттеуге кірісті дейді. Ал мұндай тапсырманы облыстық білім басқармасы мен білім бөлімінің басшылары берген,- деп отыр.

Қайрат БИҒОЖИН, «ШЕТ АУДАНДЫҚ БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫ:

Атқарып келе жатқан жұмысымызға кедергі келтіріп кәсіподақтарды ыдырату жұмыстары жүріп жатыр облыстық білім басқармасы тарапынан аудандық білім бөлімінің басшысы Елдос Смағұлдың тарапынан. 20 шақты мектеп мектеп директорлары арқылы кәсіподақ мүшелеріне өтініш жазғызып теріс пиғыл туғызып теріс пікірлер айтып өздеріне өткізбекші.

Жаңа кәсіподақ ұйымының кезекті үгіт- насихат жиыны өтті. Оған келген ұстаздар, мектеп директорларының жаңа кәсіподаққа үгіттегендерін жасырмады.

Марал КӘРСЕМБАЕВА, МҰҒАЛІМ:

Бүкіл мектептер ауысып жатыр біз де ауысуымыз керек деген сондай үгіттер жүрді. Бұл жерде мұғалімдер өздері шешеді ғой. Бірақ екі жаққа бөлінуге болмайды дейді. Көрдіңіз бе қалай үгіт жүріп жатыр? Кейбір кәсіподақтар білмейміз дейді бірақ бізді ауыстырып жіберіпті деген әңгімелер жүріп жатыр.

Дегенмен аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподағына әлі де 3200 адам мүше. Олардың көбі осы бұрынғы ұйымда қалмақшы.

Алтын СӘДІБЕКОВА, МҰҒАЛІМ:

Бізде марапат та , мұғалімдерге барлық демалу орындарына жеңілдікпен путевкалар беріліп жатыр. Ол жағын қолдаймын. Бірақ кәсіподақты екіге бөлінеді деп жатыр. Ол мұғалімнің өз құқы деп ойлаймын. Қай кәсіподаққа кіргісі келеді ол өз құқы.

Ал жаңа кәсіподақ та, Шет аудандық білім бөлімінің басшылары да қысым болып жатыр дегенді жоққа шығарды. Олардың айтуынша ұстаздардың құқына ешкім қол сұқпайды.

Елдос СМАҒҰЛ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ШЕТ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Білімге менен тікелей үгіттеу болып жатқан жоқ. Кәсіподақ туралы мәжбүрлеп жатқаны туралы тікелей шағым болған жоқ. Ешкімге мына кәсіпоадққа тұр деген әңгіме болған емес. Білім бөлімі тарапынан ондай әңгіме болған жоқ.

Әлия ЖАМБЕЙІСОВА, «БІЛІМ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ» ҚБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз әңгімелесіп ақпараттандырып қана жүрміз. Қарағанды, Шахтинск, Теміртау қалаларында бүгін міне Шет ауданында. Мұнда бәсеке пайда болған соң осындай қозғалыстар пайда болып жатыр.

Шет аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы төрағасы, білім бөлімі мен білім басқармасы басшылығының үстінен аудандық және бас прокуратураға шағымданды. Ол жұмысына кедергі келтірген тұлғаларды жауапқа тартуды сұрайды. Прокурорлар бұл мәселені алдағы уақытта анықтайтындарын хабарлады.

А. Қуаш