Пара алды деген күдікпен қамауға алынған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың сотында жаңа деректер пайда болды. Экс-шендімен бірге істі болған мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы күтпеген жерден бұған дейін берген куәлігінен бас тартып, жаңа мәлімдеме жасады. Ол алғашында Абай ескерткішін орнатқан компания директоры ұсынған параны Бақытгүл Хаменованың тапсырмасымен алдым деген еді. Бұл жолы жалған ақпарат беруіне антикор қызметкерлерінің ұсынысы себеп болғанын айтты.
Ақылбек РЫСҚАЛИЕВ, СОТТАЛУШЫ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ БАСШЫСЫ:
Мені тап солай инструктаждан өткізіп дайындаған антикор қызметкерлері осылай соңына дейін барсаң өзің үшін жақсы болады. Қорғалу құқы бар куә болып қаласың, жауапкершілікке тартылмайсың, бәрінен де босатыласың деген болатын. Бірақ күні бүгінге дейін олардың тарапынан мені қолдау туралы, қорғау туралы ешқандай әрекетер жасалмағандықтан. Расында қалай болды, солай айтуға шешім қабылдадым.
Мұны естіп, сілтідей тынған сот залындағылар сөз соңында қол шапалақтады. Ал 10 айдан бері сот залында отырған Бақытгүл Хаменова көзіне жас алды.
Бақытгүл ХАМЕНОВА, СОТТАЛУШЫ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БҰРЫНҒЫ ОРЫНБАСАРЫ:
Мұсылман өтірік айта ма дейді, жоқ өтірік айтпайды дейді. Мына бүгін мұсылмандығыңызды танытқаныңызға, антикордан емес, Алладан қорыққаныңызға, мені 10 ай бойы сол тар қапасқа тықсаңыз да, соңғы жағында бүгінгі шындығыңызды айтқаныңызға мен рахмет айтам сізге, ерлік жасағаныңызға бүгін.
Б. Нәдірқызы