Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда үш қабатты үйдің жертөлесі опырылып жатыр

  • AstanaTV
  • 14 қазан 2022
  • 1550

Қостанайда 70 жыл бұрын салынған көне баспананың жертөлесі опырылып жатыр. Соның салдарынан жоғары қабаттағы пәтерлердің қабырғасы жарылып, сылағы түскен. Шаһар билігі ешқандай шара қолданбайды дейді көпшілік. Жертөлені тез арада жөндемесе, бір күні үйіндінің астында қаламыз ба деп уайымдайды.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Тұрғындар дер кезінде мынадай темір тіреуіштер қойып үлгерген. Бірақ соған қарамастан жертөленің қабырғасы жарылып, кірпіштері үгітіліп жатыр. Көпшілік бұл жерді тез арада қалыпқа келтіру керек деп дабыл қағуда.

Аркадий Харин бұл үйде алпыс жылдан бері тұрады. Қарт тұрғын көне мекеннен көшкісі келмейді. Үш қабатты үй жылы. Көршілер тату. Тек жертөлені жергілікті билік тез арада жөндеп берсе деген тілегі бар.

Аркадий ХАРИН, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Не істерімізді білмей отырмыз. Тоздырмаған табалдырық қалған жоқ. Құзырлылардың барлығына жаздық. Бірақ біздің мәселеге ешкім мән бермей отыр.

Ескі баспана 2014 жылы жаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделген. Шатыры жаңарып, қабырғасы қапталған. Коммуникация желілері ауыстырылды. Бірақ жертөленің опырылып жатқаны жұртты қатты алаңдатады.

Иван ШКУРАТЬКО, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жертөле қабырғасына тамыз айының соңында сызат түсті. Қыркүйектің ортасында опырыла бастады. Дереу жауапты мекемелердің барлығына жаздық. Ескерттік. Кері байланыс болмады. Егов сайтында олардың бір-біріне сілтегені көрініп тұр. Ешкім нақты шара қолданбай отыр.

Жертөлені үнемі су басады. Соның салдарынан осындай жағдайға жетті дейді тұрғындар. Көптеген пәтердің қабырғасына жарық түскен. Ұлғайып жатқаны соншалық есіктер жабылмай қалған. Кооператив басшылығы көне үйдің мәселесін біледі. Бірақ оны жөндеуге міндетті емеспіз дейді. Дегенмен, мәселені шешудің бірнеше жолы бар екенін айтады.

Наталья ТАРАСЕНКО, ПИК ТӨРАЙЫМЫ:

Төтенше жағдайлар департаменті арқылы қандай да бір қаражат бөлініп, мамандар жөндеу жұмыстарына кірісуі мүмкін немесе тұрғындар жаңғырту бағдарламасы шеңберінде тағы ақша жинау керек.

Сақтаған МҰСТАФИН, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тұрғындар өздері шара қолдану керек. Өйткені пәтерлердің барлығы жекеменшік. Оған қоса эксперттік ұйымның қорытындысы қажет.

Билік өкілі тіреуішпен тұрған үйдің түйткілін тұрғындар өздері шешу керек дегенді алға тартты. Ал көпшілік жауапты мекемелерден жәрдем күтеді. Олардың айтуынша, осыдан отыз жыл бұрын көрші үйдің іргетасы опырылып, алты пәтердің астаң-кестеңі шыққан. Жертөлені тез арада қалыпқа келтірмесе, 27 пәтермен қоса төменгі қабаттағы бірнеше коммерциялық нысанға үлкен қауіп төніп тұр дейді.

З. Санай