Ертең – халықаралық ауыл әйелдері күні. Осыған орай Қызылордада ерекше іс-шара өтті. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді.
Мына этноауыл қаланың іргесінде пайда болды. Ауыл-ауылдан ақжаулықтылар жиналды. Алтыбақан теуіп, атқа мініп, садақ та атты.
Гүлмира Медешова комбайн жүргізеді. Егістіктің бел ортасында жүрген жан. Негізгі мамандығы есепші болғанымен, диханшының қызы қырманнан алшақтап кетпепті.
Гүлмира МЕДЕШОВА, ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әкем күрішші, сушы болған кезінде. Қазір зейнетте. Шешем бухгалтер, анам. Сол кісілердің тәрбиесі шығар. Көзбен көріп өскен соң комбайн айдау жат нәрсе емес сияқты өзіме, кішкентайымыздан көріп өскен соң.
Аймақта халықаралық ауыл әйелдері күні жыл сайын аталып өтіледі. Бұл мереке 1995 жылы пайда болған. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, әрбір шаңырақтың шаттығын сақтауда мұндай шаралардың маңызы зор дейді ұйымдастырушылар.
Нұрсәуле МҰСАЕВА, ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ МҮШЕСІ:
Мақсат ұлттық құндылықтарымызды, әсіресе отбасындағы, шаңырақтағы қыз-келіншектеріміздің, аналарымыздың орны қандай болу керек соны мына этноауылдан бастау алып, ертең ауылға, елге барып, сол жұмыстарды әріқарай бізбен бірлесіп отырып жалғастыратын болады.
Облыс тұрғындарының 50 процентке жуығын әйелдер құрайды. Оның жартынан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Ал 48 мыңнан аса көпбалалы аналар болса, 17 мыңға жуығы «Алтын және күміс алқа» иелері.
М. Тоқтасынқызы